Оңтүстік Қазақстан облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шымкенттік кәсіпкер Серікжан Сейтжановты бопсалағандардың ісі қаралуда. Кезекті сот отырысында қазақстандық миллиардер айыпталып жатқан серіктесі Бөкейхан Қайыпназаровқа кешірім беретінін айтты деп мәлімдейді ҚазАқпарат.
Сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан Серікжан Сейтжанов бұрынғы серіктесінің отбасылық жағдайын ескере отырып, оған кешірім беретінін айтты. Себебі, айыпталушы жауап беру барысында өзінің екі әйелі мен олардан жеті перзенті бар екенін айтқан болатын.
Сондай-ақ, Кәсіпкер сотқа Бөкейхан Қайыпназаровтың алдында бұрынғы берешегінен құтылып қойғанын, қазіргі таңда қарыз еместігін жеткізді. Яғни, 1998 жылдары туындаған қарыздың орнына сот шешімімен Желтоқсан көшесіндегі 19 үйде орналасқан ғимарат берілген. Алайда соған қарамастан серіктесі бопсалауын қоймапты. Десе де айыпталушының қорғаушысы Айқымбек Бектөреев милиардер Серікжан Сейтжановтың қарызын толық өтемегенін алға тартты.
Еске салайық, аса ірі көлемде ақша бопсалау қылмысы Шымкентте орын алған болатын. Бөкейхан Қайыпназаров есімді азамат танымал кәсіпкер Серікжан Сейтжановтан бұрынғы қарызы 7 миллион АҚШ долларын талап еткен. Ол сәуір мен шілде айы аралығында кәсіпкердің ұялы телефонына бірнеше рет хабарлама жіберіп, ірі көлемдегі берешегін қайтармаса, Сейтжанов пен оның туыстарына қатысты мәліметтерді ғаламторға жариялайтынын жазған. Соңынан айыпталушы 15 тамызда ақшаны алып жатқан кезінде қолға түскен еді. Оның қалтасынан 20 мың АҚШ доллары тәркіленіп, көлігінің багажынан 3 млн АҚШ долларының муляжі табылған. Тергеу барысында оның үстінен ҚР ҚК 194-бабының 4-бөлігі 2-тармағы «Қорқытып алу» бойынша іс қозғалып, іс сотқа өткізілген. Егер қылмысы дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Айта кетейік, Серікжан Сейітжанов «Forbes» дерегі бойынша еліміздегі елу ықпалды бизмендер тізімінде 18-ші орында тұр. Ол «Саутс-Ойл» серіктестігінің бақылау пакеті акциясына ие. Аталған компания Қызылорда өңірінде көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру ісімен айналысады.