16.01.2018, 04:08

Түркістан қаласының бұрынғы судьясы сотталды

ОҚО Түркістан қаласының бұрынғы сот төрағасы Серікбаевқа қатысты қылмыстық іс Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Сот төрағасы қылмыстық істің жазасын сот процесінде жеңілдетіп беремін деген уәдемен 3 млн теңге талап еткен деп жазады Otyrar.kz. 

«Әділдіктің ақ туын жықпаймын» деп уәде еткен судья өткен жылдың қазан айында қамауға алынған болатын. ҚР ҚПК-нің 190 бабы бойынша айып тағылған. Істі Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Т.Қахаров қарады. Сот үкімімен Түркістан қаласының экс сот төрағасы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады. Сот жүйесінде 25 жыл істеген Омар Серікбаев 2016 жылдың қараша айынан бастап қылмыс үстінде ұсталғанға дейін Түркістан қалалық сотын басқарып келген.