18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында өртеніп кеткен автобустың үш жүргізушілері Ақтөбе қалалық №2 сотқа жеткізілді. Сот оларға қатысты санкция шығаруы тиіс деп жазады Tengrinews.kz.
Белгілі болғандай, автобус жүргізушілері: Мақсат Пернебеков (1985 ж.т.), Нұржан Қырғызбаев (1968 ж.т.) және Барат Таңатаров (1978 ж.т.).
Сотқа айыптаушы ретінде қатысқан прокурор Осман Орынбасарұлы күдікті Нұржан Қырғызбаевты тергеу кезінде 2 айға қамауды сұрады. Ал, Қырғызбаевтың қорғаушысы Аман Юсуповтың айтуынша, айыпталушы болған жайтқа байланысты өкінетінін, тергеуге көмектесетінін айтқан екен. Сондықтан, оны кепілмен босатуды сұрады.
Мақсат Пернебековтың әпкесі болса бауырын кінәлі деп есептемейді.
"Ол небәрі отбасын асырағысы келді. Күн көріс үшін жүрді сол автобуспен. Әліге дейін бауырымды көрмедім, сөйлеспедім. Ауруханада жатқанда да артынан бара алмадық. Автобустың иесі бар. Бұлар тек жалдамалы жүргізушілер. 4 жылдай жұмыс істеп келеді. Үш баласы бар. Анамыз қазір осы жайттан кейін қан қысымы көтеріліп, төсек тартып жатып қалды", - дейді ол.
Еске салайық, қайғылы оқиға 18 қаңтар күні Ырғыз ауданында таңертеңгі сағат 10:30 шамасында болған еді. Жүріп келе жатқан автобус аяқасты отқа оранып, салонда болған 57 адамның 52-сі тірідей жанып кеткен. Барлығы да өзбек азаматтары. Олар Сарыағаштан Ресейге қарай бет алған екен. Апат кезінде тек бес адам ғана салоннан шығып үлгеріпті. Олардың үшеуі осы қамауға алынған жүргізушілер болса, екеуі Өзбекстан азаматтары.