14.02.2018, 06:08

Қызылордалық әйел шымкенттік ондаған адамды несие әперемін деп алдап, барлығын тақырға отырғызған

Шымкенттік полицейлер аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген күдікпен қызылордалық әйелді ұстады. Оның үстінен ішкі істер органдарына ондаған адам арызданып келген.

Күдікті әйел жәбірленушілердің бәріне оңай жолмен несие алып беремін уәде беріп, олардың ақшаларын алып кетіп отырған. Әзірге оның 40-тан астам алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталып отыр. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 20 миллион теңгеден асады. Тәртіп сақшылары бұл цифрлардың әлі де өсуі мүмкін екенін айтады.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының аумағында жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен алаяқтықтың 50 жайты ашылып отыр, негізінде банктен несие әперу мен оқуға түсіру, сондай-ақ, жұмысқа тұрғызу сияқты алаяқтық жайттары жиі кездеседі.