Мұратхан Тоқмәди сотта өз кінәсін толықтай мойындады деп жазады Tengrinews.kz. Судьямен болған сұрақ-жауап кезінде айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрін негізді екенін атап өтті.
Прокурор көрсетілген айыптауларды оқып шыққаннан кейін судья басты сот отырысының қандай тәртіп бойынша өтетінін түсіндірді.
Сотталушы мұнымен келісті, түсінік беруге дайын. Қазіргі уақытта бизнесмен сот алдында жауап беріп жатыр. Осыған дейін Мұратхан Тоқмәдидің Тараз қаласының сотына жеткізілгені хабарланған болатын.
"05.02.2018 Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына М.Ш. Тоқмәдиге қатысты 96-баптың 2 тармағы "ж, з" бойынша қылмыстық іс келіп түсті. Іс материалы бойынша, Алматы қаласында қылмыстық әлемнің "беделдісі" және "Депутаттық корпус" ҰҚТ басшысы М.Ш.Тоқмәди "Банк Тұран Алем"АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Е.Н.Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отыр. Бұл қылмыстық іс "Төрелік" ақпараттық жүйесімен судьяға қарастыруға үлестірілген. Қылмыстық істі қараудың мерзімі мен күні белгіленбеді", - деп хабарлаған еді Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіндегілер.
Еске сала кетейік, Мұратхан Тоқмәди былтыр 12 маусымда ұсталған болатын. Алматыда арнайы қызмет "Депутаттық корпус" атты қылмыстық топты ұстау бойынша операция өткізген еді. БАҚ-та шыққан ақпарат бойынша, бұл қылмыстық топты "ҚазШыныҚұрылыс" зауытының иесі Мұратхан Тоқмәди басқарған. Сондай-ақ, прокуратура мәліметінше, оның үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған. Ал таяуда бизнесменге қатысты үкім шыққан. Мұратхан Тоқмәди 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.