Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында жергілікті жұртты алдап, 5 миллион теңгені қалтасына басқан жас жігіт ұсталды. Күдіктіге алданғандар саны әзірге 6 адамды құрап отыр деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Алданған тұрғындардың бәрі аудандық полиция бөліміне арызданған. Жәбірленушілердің бірінен күдікті 700 мың теңгесін алыпты. Ол барлығының балаларын жоғарғы оқу орнына түсіріп беруге уәде берген көрінеді. Алайда, ақшаны алғаннан кейін ізім-ғайым жоғалып отырған.
Сарыағаш АІІБ ПБ-нің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктіні ұстады, ол 25-30 жас шамасындағы жергілікті тұрғын болып шықты. Бүгінгі күні полиция қызметкерлерімен күдіктінің алаяқтықтың 6 жайтына қатысы бары анықталды. Жалпы келтірілген шығын көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары алаяқтардың құрбаны болмас үшін, бейтаныс азаматтармен қарым-қатынас барысында сақ болуын ескертеді. Өзін түрлі мекеме қызметкерімін деп таныстырып анықтайтын құжаты болмаса, өз үйіңізге танымайтын адамдарды кіргізе бермеңіз. Ешкімге сенбеңіз және алаяқтың арбауына түсуден аулақ болыңыз», - дейді оңтүстікқазақстандық полицейлер.