Қытайда есірткі контрабандасы үшін айыпталып, сот үкімін күтіп отырған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағанбетов қорғалушысының түрмедегі жағдайы туралы айтып берді.
Заңгер еске сала кеткендей, Ақжарқын Тұрлыбай Қытай тергеу изоляторында сот үкімін күтіп отыр. Биыл наурыздың басында соңғы рет кездесу болған, сонда Ақжарқын денсаулығының бір қалыпты екенін айтып, алдағы процеске дайынмын деген екен.
"Бұдан бөлек, тергеу изоляторында пайдалану үшін депозит алуға мүмкіндік берілді. Жіберген қаражатқа Ақжарқын қосымша азық-түлік, сусын сатып ала алады", — деп хабарлады Нұрмағанбетов Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, осы төрт жыл бойы Ақжарқынның түрмедегі жағдайын жақсартып, отанына қайтару үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр. Сот отырысының күні әлі белгіленбепті.
"Сот күні белгілі болға соң, Ақжарқынның отбасының бір мүшесімен процеске қатысуға бірден аттанып кетеміз. Бәрі жылдам болуы үшін, қытай визасын алдын ала дайындап қойдық", — деп мәлімет берді адвокат.
Естеріңізге сала кетсек, Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталған еді. 2015 жылы маусымда 21 жастағы қыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.
2016 жылы қарашада апелляциялық сот тыңдауы өтіп, коллегия шешім қабылдау үшін жиналыс бөлмесіне шығып кетті. Ақжарқын бір жылдан аса сот үкімін күтіп отыр.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан