$ 494.87  520.65  4.91

Енді зорламаймыз деп кепілдік жазған: Адвокат оқуда зорланған балаға қатысты ащы шындықты жазды

«Әй, бәрін оқыдыңдар ғой, оңтүстікте бірнеше ай бойынша бірінші сынып оқушысын бірнеше бала зорлап жүргенін. Бірақ ешкім ештеңе істемеген. Істей де алмайды. Сендер де солай, осында отырсыңдар данышпан құсап, бірақ қолдарынан түк келмейді.

Бұл қандай қасірет екенін білесіздер ме өздерін?». Осылай деп басталған желідегі заңгер Ержан Есімханов өз жазбасында бұл оқиғаның қалай басталып, қалай аяқталатыны туралы өз болжамымен бөліседі.

«Түсінемін, табиғаттың заңдылығы, мұндай масқарадан бойларыңызды аулақ ұстап, оған жолағыларыңыз келмейді. Бұл алыстағы Шымкентте болып жатқан нәрсе ғой, Алматыда оған жол жоқ„ деп өз-өздеріңізді алдаусыратасыздар. Одан қала берді, бұл фейк ақпарат шығар деп сенбейсіздер.

Тіпті, болмаса менің баламды өйтіп ешкім басынбайды, мектепке өзім апарып, өзім алып қайтамын деп ойлайсыздар. Әйтеуір осы оқиғаға бас ауыртқыларыңыз мүлде келмейді. Өйткені мұны ішкі қорғаныс деп атайды. Алайда қорғанысыңыздың күлталқаны шығар еді, егер осы оқиғаны қаз-қалпында көз алдыңызға келтірсеңіз.

Иә, жеті жастағы балақай. Кедей отбасынан. Әкесі жоқ. Шешесі табыс табамын деп кеткен. Балақай әжесімен бірге тұрады. Ол бір күні мектептің табалдырығын аттайды. Бұл бала үшін қуанышты күн ғой. Шешесі мен апасы да қуанған шығар, бәлкім.

Міне, ол желпініп мектепке келе жатыр. Сабақтан шыққанда не істерін білмей жүрген үлкен сыныптың балалары оны тоқтатып алады. Бас істемейтін. Басы істесе мектепте отырмай ма олар. Мүмкін олар да кедей отбасынан шығар. Темекі шегіп, өз көңілдерін өздері аулап отырғандардың жанынан кішкентай бала өтеді. Бұған не істесе болады? Ақшасын тартып алу керек шығар. Мүмкін бетінен былш еткізіп, сабаса ма өзін?.. Бәрі болады. Өйткені оның қарауы жоқ қой.

Міне, оны тартқылап, жан баспайтын жерге алып барады да зорлайды. Жәй зорлай салады, басқа шаруалары жоқ қой. Ал оларға мұның сұмдық іс екенін ешкім айтып, түсіндірмеген. Керісінше, ұр, соқ, құрт, күшті болсаң ғана өмірің жарқын деп үйрете ме екен, кім білсін?..

Одан соң балақай үйіне барады. Ол мұндайда не істерін білмейді. Әйтеуір жаман бірнәрсе болғанын біледі, бірақ соңына дейін оны түсінбейді де. Әлі кішкентай ғой. Осылай үйіне келеді, әдеттегідей ойнайтын да шығар. Енді басқа не істейді?

Ал келесі күні әлгі үлкен балалар тағы да оны күтіп алады. Одан соң тағы да. Содан кейін барып, ол апасына айтады. Апасы да шаршап-шалдығып жүрген кісі шығар. Немересін асырау керек қой.

Міне, мына сіздер, қаланың көзі қарақы адамысыздар, қазір Фейсбукте отырсыздар, осыны оқып отырсыздар. Мүмкін бәріңіздің балақайларыңыз бар шығар. Оның жасы да осы шамалас шығар. Құдай сақтасын, балаңыз осындай күйге түскенін елестетіңіз деп айтудан аулақпын. Бұл мүмкін де емес. Миыңыз оған жол бермейді. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ. Балаңыз мектептен қайтып келе жатқанда оны торуылдайтын осындай үлкен балалардың болуы әбден мүмкін. Олар үшін кішкентай тек құрбан. Олардың қолына іліне көрмесін. Сіз түк те істей алмайсыз. Балалар суициді көбейіп жатыр қазір. Неге дейсіздер ғой, міне осындай бар бізде.

Одан кейін не болды дейсіздер ғой. Апасы баланы дәрігерге алып барады. Баланы қараған хирург басын ұстап, полицияға хабар береді.

Сол кезде барып қана ауруханаға Нариман Жұмабаев деген кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын аға инспектор келеді. Осы аты-жөнді әбден естеріңізге сақтап алыңыздаршы.

Ал ол не істейді? Ол апаның арызын қабылдағысы келмейді. Өйткені бастық орнында жоқ екен. Содан соң ертеңінде осы инспектор зорлаушы оқушылар оқитын ОҚО, Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы Баласағұн атындағы №74-ші мектептің директорымен апаның үйіне келеді. Не болды, сұмдық оқиғаға кім кінәлі деген сұраққа жауап алу үшін емес әрине, олар апаға жазған арызын жыртып тастауды сұрайды. „Балаңызға енді ешкім тиіспейді, біз өз қадағалауыңызға аламыз мұны„ деп өлердегі соңғы сөздерін айтып, ант-су ішеді. Апа қайтеді, жан-жақтан қолқалап тұрғанда, бұған келіседі.

Өйткені қасында ешқандай адвокат жоқ қой, әйтпесе айтар еді, осы әрекеттің өзі заңсыз, бұлай істеуге мүлде болмайды деп түсіндірер еді үлкен кісіге.

Ал одан соң балақай тағы да зорланады. Сол кезде апасы жағдайдың ушыққанын түсінеді, өйткені бала мектепке барудан бас тартады. Шошынып, ұйықтамайды. Апасы әлгі мектепке барып, арыз жазады. Олар оны қабылдамайды. Директор да, оның орынбасары да орнында жоқ деп құтылады. Ішкі істер департаментіндегілер де сөйтеді, арызды алмайды. Сол кезде әжей прокуратураға барады. Олар да арызды тіркеуден бас тартады.

Осы кезде балақай тағы да зорланады. Сұмдық қой, иә. Ақылға сыймайды. Бірақ бұл біз тұратын елдегі өмірдің шындығы.

Одан соң тіпті масқара. Балақай оқитын Абай ауылындағы Жәнібеков атындағы №73 мектептің завучы зорлаған балалардан қолхат алады. Қолхатта балалар енді балақайды зорламаймыз, оған тиіспейміз деп кепілдік жазыпты. Кәдімгі кепіл хат! Көз алдарыңызға елестетіңізші, зорлағандардан зорламаймыз деп кепілхат жаздыртуды. Кімнің оған миы жеткен?..

Ақыры қылмыстық іс қозғалады. Бірақ зорлық бабы емес, денеге орташа деңгейдегі зақым келтіру фактісі бойынша. Оған 3 жыл беріледі өзі. Неге өйтіп жатыр дейсіздер ғой? Өйткені дау-дамайдың олардың керегі жоқ. Өйткені сенің ауылында бала зорланса бүкіл елге қарабет боласың.

Ал денеге зақым келтіру десе, оған ешкім пысқырып та қарамайды.

Құрметті достар, Көктөбеде „Абай„ мейрамханасындағы оқиға бұрқ еткенде бәріңіз осы арада қылқынып өліп қала жаздағансыздар. Бір блогер тамақтан уланып па еді сол кезде?.. Өткен жылдың осы уақытында — тамыз бен қыркүйек аралығында жеті жасар бала да зорланып келген, ол ауылдың да аты Абай. Бұл кездейсоқтық емес шығар. Бірақ бұл жағдайда дүрліккен адамдарды мен көріп тұрғаным жоқ. Қызық, иә. Мәскеудегі мейрамхана қызметкері қазақтарды „мәмбет„ депті. Ауыздарына келгендеріңді айтып, өліп қала жаздадыңдар ғой. Өйткені солай ыңғайлы сіздерге. Ал оңтүстіктің түпкі бір ауылында болып жатқан былыққа бастарыңызды сұққыларыңыз келмейді.

Бұлай болмайды. Үн қосыңыздар бәріңіз. Міндетті түрде. Мұндайларды осы кезден тұншықтыру керек. Бізге қатысы жоқ дегенді қою керек. Ештен кеш жақсы. Салдарды жою керек. Ал салдар деген әрекетсіздік, органдағы сыбайлас жемқорлық.

Бұл арада, ең бірінші, ТӘУЕЛСІЗ САРАПТАМА КЕРЕК. Осы саланың адамдары да үн қатсын! Үлкен әріппен әдейі жазып отырмын. Өйткені құқық қорғау органдары зорлық фактісі тіркелген жоқ деп есеп беріп қойды. Енді олар соңына дейін осы позицияда тұрып алады.

Ал тәуелсіз сараптама баланың зорланғанын дәлелдесе, бәрін жауапқа тарту керек! ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылының №73 және №74-ші мектептерінің директорлары және олардың орынбасарларын, жергілікті ІІД басшысын да. Олар бала зорлығын жасауға ат салысқандар болып танылуы керек, егер факті дәлелденсе. Себебі зорлағанын біліп тұрып, зорлықшыларды олар соңына дейін қорғаған болып тұр ғой.

Одан соң ішкі істер органдары қызметкерлерінің арызды тіркеуден бас тартуды сұрауы туралы мен өте жиі естимін. Себебі белгілі, жұмыс істеп, бастарын ауыртқысы келмейді. Ал мұндайларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. ҚР Қылмыстық кодексінің 363-бабының 1-тармағы бойынша «Қылмысты жасыру» бойынша қосымша арыз түсіріп жіберіңіздер мұндайларға. Бір сөзбен айтқанда, арызыңызды алуға көндіруге тырысса бұл да қылмыс. Көбісі осыны білмейді. Мұндайда қарап қалмаңыздар, әкесін танытып жазыңыздар!» делінген заңгердің жазбасында.

Дереккөз: 365info.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары