11.04.2018, 11:29

ОҚО-да ірі шенеунік пара алғаны үшін 5 жылға сотталды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Сәтжан Полатовқа қатысты сот үкімі шықты. Абай аудандық соты бас-аяғы 5,9 млн теңге пара алды деп айыпталған шенеунікті кінәлі деп тауып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, басқарма басшысының бұрынғы орынбасары сот барысында өзінің қылмысын толығымен мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келу үшін өтініш тастаған. Істі қараған судья Сайдыбаттал Тоқбергенов айыпталушыға қатысты Қылмыстық Кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 1, 2, 4-тармағымен кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда қызмет істеу құқығынан айырды. Жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейтін болды. Ал, онымен бірге пара алғаны үшін ұсталған басқарманың бас маманы мен Созақ, Төле би, Ордабасы аудандарындағы бөлім басшыларына қатысты сот отырысы жалғасуда.

Еске салайық, 2017 жылдың қыркүйек айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ОҚО филиалының қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Сәтжан Полатовты пара алып жатқан жерінде ұстаған болатын. Полатовпен бірге осы басқарманың аудандық бөлімдерін басқаратын бас маман да пара алғаны үшін қамауға алынды. Олар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында жұмыссыз азаматтарды кәсіби дайындау және қайта дайындау бойынша мемлекеттік сату келісімдерін жасау үшін «Лидер ПРО» ЖШС басшылығынан бопсалау жолымен үздіксіз пара алып келгені анықталған. Тергеу барысында Созақ, Төле би, Ордабасы аудандарындағы бөлім басшылары да 2016-2017 жылдар аралығында жасалған келісімнің сомасына қарай 5%-ға дейін пара алып отырғандығы анықталды. Бес айыпталушының пара ретінде алған сомасы 5,9 млн теңгені құраған. Осы төрт айыпталушыға қатысы сот отырысы әлі де жалғасуда.