24.04.2018, 12:24

3 жылға сотталды: Астаналық риелтор жұмысқа бармау үшін өзін ұрлады деп полицияға арызданған

Өзін ұрлады деп полицияға жалған хабар берген Астана қаласының тұрғыны 3 жылға шартты жазаға кесілді деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.

Ер азамат Астанадағы риелторлық компаниялардың бірінде жұмыс істеген. Ол 5 күн бойы жұмысқа бармай, үйінде демалып жатыпты. Ал, басшылығына айтар сылтау таппағандықтан, өзін ұрлады деп жалған ақпарат таратқан.

"Ол жұмыстан шығып қалмау үшін полицияға өзі келіп арызданған. Арызында өзін белгісіз біреулер көлікке салып әкеткенін және ақшасы мен ұялы телефонын тартып алғанын көрсеткен. Полицейлер сол күні-ақ адам ұрлау дерегі бойынша қылмыстыққ іс қозғады. Тергеу барысында белгілі болғаны, А. есімді азаматты ешкім ұрламаған және оның заттарын ешкім тартып алып қоймаған", - деп мәлімдеді Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.

Есіл аудандық №2 соты ер азаматты жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп тауып, оны бас бостандығын 3 жыллық мерзімге шектеді.