Атыраудағы ірі ломбардтардың бірінен жергілікті тұрғын 200 мың теңге болатын бағалы заттарды ұрлап кеткен деп жазады «Мой ГОРОД» порталы. Аталған іс қалалық №2 сотта қаралды.
Сот барысында белгілі болғандай, ер азамат ломбардқа ақпан айында барған екен. Сол жерде ол кассирден әйелдер алқасы мен ер кісі тағатын сақинаны көрсетуін сұраған.
«Қызметкердің жоқтығын пайдаланған айыпталушы ломбардтан бағалы бұйымды ұрлап тығылып қалған. 162 мың теңгелік алқа мен 32 мың теңге тұратын сақинаны қолды еткен ұры ломбардқа 200 мың теңге шығын кетірді», – дейді қалалық №2 соттың баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ломбардқа келтірілген шығын қайтарылды. Екі тарап медиация арқылы бітімге келгендіктен ер азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.