Павлодар облысында қызметтік көлігімен жол көлік оқиғасын жасап, үш бірдей адамды жаралаған шенеуніктің ісі жабылды деп жазады Tengrinews.kz.
"Павлодар облыстық Жер қатынастары жөніндегі басқарма басшысының жәбірленушілермен бітімге келуіне байланысты жол көлік оқиғасынан кейін қозғалған қылмыстық іс жабылып қалған. Қазіргі таңда мен бұл әрекеттің заңдылығын білу мақсатында прокуратураға сауал жолдадым", - деп мәлімдеді Павлодар облысының этика жөніндегі уәкілі Юрий Фельдман.
Оның айтуынша, прокуратурадан жауап келісімен этика жөніндегі кеңес үш адамды жаралаған шенеуніктің мәселесін қарайтын болады.
"Егер қылмыстық іс негізді жабылса онда этика жөніндегі кеңес шенеуніктің аталған қызметке лайықты немесе лайықсыз екенін қарайтын болады", - деді Фельдман.
Айта кетейік, Павлодар облыстық Жер қатынастары жөніндегі басқарма басшысы былтыр күзде жол көлік оқиғасын жасаған болатын. 33 жастағы шенеунік Kia көлігімен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен және Toyota көлігімен соқтығысқан. Салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы жарақат алды. Оларды оқиға орнынан жедел жәрдем ауруханаға жеткізген.