28.04.2018, 04:01

Жігітінің жыныс мүшесін кесіп алған астаналық әйелге сот үкімі шықты

Астана қаласы Есіл аудандық №2 сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы атышулы іске нүкте қойды. Яғни, биыл қаңтар айында жігітінің жыныс мүшесін кесіп алған әйелге қатысты үкім шығарды деп жазады Tengrinews.kz.

Танысының денсаулығына қасақана ауыр жарақат салған әйелдің ісі жабық жағдайда өтті. Ал, үкім шығаратын кезде судья сот залына журналистерді кіргізген.

Сотталушы Н. есімді әйел 1981 жылы туған. Қарағанды облысының тумасы, Қазақстан Республикасының азаматы. Жоғары білім алған. Ол некеде, кәмелет жасына толмаған балалары бар, жұмыс істейді. Астана қаласында тұрады, бұрын сотталмаған.

"Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-тармағының 3, 4 тармақшалары (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру: кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепiлге алумен ұштасқан) бойынша кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деді судья Қанат Тобағалиұлы.

Дегенмен, ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабына сәйкес (Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердің, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру), әйелдің жазасын өтеуі үш жылға кейінге қалдырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, биыл қаңтар айында астаналық әйелдің қызғаныштан жасаған қылмысы жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Ол жап-жас жігітінің аяқ-қолын алдап байлап, кейін оның жыныс мүшесіне ауыр жарақаттар салған.