$ 494.87  520.65  4.91

Енесіне ұнамағаны үшін 11 жыл түрме! Ақтөбелік жігіт жазықсыз сотталғанын айтып көмек сұрады

Ақтөбеде балдызын зорлады деген айыппен 11 жылға сотталған Юрий Васильев түрмеден хат жазып, көптен көмек сұрады деп хабарлайды "Эвирка" газеті.

Журналистерге сотталушының әйелі хабарласып, күйеуінің жанайқайын жеткізіпті. Оның айтуынша, Юрий кішкентай қызды зорламаған. Тек енесіне (әйелінің анасына) жақпай қалғаны үшін оған осындай жала жабылған көрінеді.

"Күйеуім хатты өзінің камераласы арқылы беріп жіберіпті. Ол бізге міндетті түрде БАҚ арқылы бар шындықты айтуымызды сұрап отыр. Өзі жасамаған қылмысқа не үшін 11 жыл отыруым керек дейді. Менің ата-анамның мінезі үшін күйеуімнің құрбан болғанын қаламаймын", - дейді сотталушының әйелі Ирина.

Ерлі зайыптылар дәмханада жұмыс істеп жүргенде танысыпты. Бір-бірін ұнатқан олар көп ұзамай көңіл жарастырған. 2 жылдан кейін некелерін қиып, үйленіп алғандарын да айтып отыр.

"Алғашында менің анам үйленуімізге қарсы болды. Тіпті, тойда да жұрттың бәріне күйеу баласын жамандап, бізді Талдықорғанға көшіп кете ме деп алаңдайтынын айтып жүрді. Ал, тойдан кейін анам бізді өзі тұратын ауылға көшіп келуге шақырды, үй алып беремін деді, тек шаруашылықта көмектессеңдер болды деп уәде берді. Біз келістік, үй алғанша бір шаңырақ астында тұрдық, тойдан түскен ақшаның бәрін анама бердік. Бізге үй алып береді деп ойладық", - деп сөзін жалғады Ирина.

Алайда, ерлі-зайыптылардың бөлек үйде тұру арманы қорқынышты түске айналыпты. Алғашында олар қыздың анасымен тек ұрысып қана жүрсе, кейін нағыз "соғыс" басталған көрінеді.

"Осы күнделікті ұрыстан менің жүйкем сыр беріп, екі рет түсік тастадым. Анам бізге шаруашылықпен айналысыңдар деп күніге ұрысатын. Күйеуім үйдің жұмысының бәрін істейтін, бірақ ата-анамның ешқашан көңілі толмайтын. Тіпті, кейде анам бізге тамақ та бермей қоятын әдет шығарды. Қысқасы, Юраны менің отбасым қабылдаған жоқ. Мазақтайтын, балағаттайтын. Ол соған қарамастан шыдап жүрді, ешкімге сөз қайтарған жоқ", - дейді сотталушының әйелі.

Ирина ауруханаға түскенде оның ата-анасы Юриді үйден қуып шығыпты. Ол Ақтөбедегі өз туыстарының үйіне кеткен. Кетерінде әйелін Талдықорғанға алып кетіп, сонда тұратынын айтыпты. Иринаның айтуынша, анасы дәл осыдан ғана қорқып жүрген екен. Сондықтан ол жантүршігерлік әрекетке барған көрінеді.

Айта кету керек, Иринаның ата-анасы Мәртөк ауданындағы Казанка ауылында тұрады. Юрий мен Иринадан өзге бұл шаңырақта Иринаның кәмелетке толмаған сіңлісі мен туыс әпкесі тұрып келген. Әйелдің айтуынша, оның сіңлісі көптен бері теріс жолға түсіп кетіпті.

"Ол үйге мас боп келетін. Тіпті, біз үйленгенге дейін сіңлім төсек қатынасына түсіп қойғанына сенімдімін", - дейді Ирина.

"Өткен жылдың 25 шілдесінде біз күйеуім екеуміз Талдықорғанға енемнің үйіне кетіп қалдық. Ал, тамыз айында біздің үйге полицейлер келіп, күйеуімді ұстап әкетіп қалды. Біз не болғанын да түсінбедік. Кейін менің анамның Юраның үстінен арыз жазғанын білдік. Арызында ол күйеу баласын кішкентай қызды зорлады деп көрсетіпті. Сондай-ақ, сол үйде тұратын тағы бір кішкентай қызды ұрып-соқты деп жазған", - деп еске алады Ирина былтырғы уақытты.

Сотта айтылғандай, Юрий 2016 жылдың қыркүйегінен бастап 2017 жылдың мамыр айына дейін кәмелетке толмаған қызды бірнеше рет зорлаған. Арыз жазған енесінің айтуынша, қылмысты білсе де ол отбасының абыройын сақтау үшін полицияға арызданбаған екен. Тіпті, ажырасып, басқа қалаға көшіп кет, болмаса құқық қорғау органдарына арызданамын деп ескерткен де көрінеді. Алайда, енесінің сөзіне құлақ аспағаннан кейін ол амалсыз полицияға шағым түсіріпті.

Ирина Васильева болса бұл оқиғаға сенбейді. Ол анасының жала жауып отырғанына сенімді. Қызын ажыратып алу үшін осы оқиғаны ойлап тауып, кіші қызы оған тек көмектескен дейді Ира.

"Мен түсінбеймін, тек сіңлімнің ғана айтуына сүйеніп, бір адамды қалайша 11 жылға соттап жібереді. Дәлел қайда? Сіңлім бұрыннан пәк емес, оны сараптама да анықтап берді. Бірақ, сараптама сіңлім мен күйеуімнің арасында жыныстық қатынас болғанын анықтап бере алған жоқ. Ендеше неге сот тек сіңлім мен анамның ғана сөзіне сүйеніп үкім шығарады? Не үшін олардың арасындағы дау-жанжалды зерттемейді, бұл да жала жабуға себеп болады ғой. Сіңлілерім анама қарсы шығуға қорқады, сондықтан оның айт дегенінің бәрін айтып отыр. Анам арызында Юридің кішкентай қызды 2 жыл бойы зорлап келгенін көрсеткен. Бірақ, бұл кезде біздің үйленгенімізге 2 жыл толмаған болатын. Күйеуім үйде көп те болмайтын, ал болған кезде тек менің жанымда еді. Сондай-ақ, сотта менің сіңлім зорланғаннан кейін мектепке барудан қалғанын айтқан. Ал, мектеп журналында оның сабақтан қалмағаны көрсетіліп тұр", - дейді шындық іздеген әйел.

Түрмеден жазған хатында Юрий Васильев шындықты айтудан қорықпайтынын мәлімдепті.

"Іс қолдан жасалды. Куәгерлердің көбі сұралған да жоқ. Бірақ, дәл осындай ойдан құрастырылған қылмыстармен біздің елде адамдар жиі сотталады, жазықсыз. Барлығы да менің енеммен арадағы жанжалдан туындады. Күніге ұрыс, төбелеске дейін баратын, мұны әйелім Иринаның анасы ұйымдастырып отырды. Мен үйлену тойынан кейін әйеліммен бөлек шығып кетпегеніме әліге дейін өкінемін. Қазір мені ешқандай дәлелсіз, тек кішкентай қыздың сөзі бойынша 11 жылға соттап жіберді. Жалғыз куәгер әрі менің қорғаушым Ирина Васильеваны тыңдаған да жоқ", - делінген хаттың мәтінінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары