Үш әйелді бауыздап өлтірді деген күдікпен ұсталған 32 жастағы алматылық Замандин Палтуев 25 жылға бас бостандығынан айрылды. Сот үкімі жабық режімде жарияланды деп жазады ҚазАқпарат.
«Палтуев Замандин ҚР ҚК баптары бойынша айыпты деп танылды және 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім етемін. Ол жазасын қатаң режімдегі колонияда өтеуі тиіс», - деді үкімді оқыған судья.
Сонымен қатар, сотталушы 4 млн 204 мың теңге көлемінде сот шығындарын өтеуге міндеттелді. Бұған дейінгі сот отырысында Палтуев өзін өмір бойына бас бостандығынан айырмауды өтінген болатын. Яғни, судья оның өтінішін мақұлдады.
Ал, көз жұмған әйелдердің туысқандары сот барысында оны ең қатаң жазаны, яғни өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындауды талап етті. Дәл осындай жазаны мемлекеттік айыптаушы да сұраған. Еске сала кетсек, жантүршігерлік қылмыс Алматыда былтыр желтоқсанның 1-інен 2-сіне қараған түні жасалған.