$ 439.43  473.31  4.82

Ресейлік омбудсмен қазақ Томирис Байсафаның өліміне қатысты тергеуді өз бақылауына алады

Ресейде белгісіз жағдайда қаза тапқан қазақстандық студент Томирис Байсафаның өліміне қатысты тергеуді ресейлік омбудсмен өзінің жеке бақылауына алатын болды. Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Асқар Шәкіров мәлімдеді.

"Бұл қайғылы жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол Мәскеудің тергеу органдарымен жүргізілуде. Тергеу ісін жүргізу барысында Томиристің ата-анасы расымен де бізбен байланысқа шығып, біздің өкілмен сөйлесті. Олардың айтуынша, тергеу заңбұзушылықтармен жүргізіліп жатыр екен. Атап айтқанда, бір ғана куәгердің сөзінің негізінде іс тергеліп жатыр екен", - деді Шәкіров ЮНИСЕФ конференциясында тілшілермен болған сұхбатта.

Қазақстандық омбудсмен тергеу ісіне кедергі келтіруді емес, заң аясында жүргізілуін ғана талап етіп отырмыз дейді.

"Менің ресейлік әріптесіме жасаған үндеуім істің заң шеңберінде, әділ тергелуін сұрайды. Мен онымен (ресейлік омбудсмен Татьяна Москалькова) кеше сөйлестім. Ол маған мәселені өзінің жеке бақылауына алатынын айтты", - деді қазақстандық омбудсмен.

Еске салайық, бұған дейін 21 жастағы марқұмның ата-анасы Дархан Қожабергенов пен Жанна Ахметова тергеудің әділ өтуін талап етіп, бірнеше инстанцияға арыз түсірген болатын. Олар қыздарының суицид жасағанына сенбейді. Айтуларынша, Томиристің жігіті оны университеттің төртінші қабатынан итеріп жіберген. Мұны айғақтайтын дәлелдер де көп көрінеді. Алайда, тергеушілер шенеуніктің ұлын ақтап шығару үшін сол айғақтардың бәріне көз жұма қарап отыр дейді Жанна Ахметова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары