06.06.2018, 16:57

Парақор туралы ақпарат берген адамға 240 мың теңге сыйақы беріледі

Бұдан былай Қазақстанда жемқорлық туралы және парақорлар туралы ақпарат берген адамға 240 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзінің Facebook-парақшасына жазды.

"Достар, егер де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, яғни параны қорқытып алу немесе ұсыну, бюджет қаражатын ұрлау жоспары, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану жағдайларының куәгері болып жатсаңыздар, тез арада Агенттікке хабарласыңыздар. Біздің call-центріміздің нөмірі 1424. Тәулік бойы жұмыс жасайды. Менің жеке поштам alik.shpekbaev@gmail.com", - деп жазды агенттік төрағасы.

Ол бірде-бір арыз қараусыз қалмайтынын да атап өтті. "Бірде бір өтініштің қараусыз қалмайтындығына кепілдік беремін. Ақпаратпен бөліскен азаматтар құпиялылық және құқықтық қорғаумен қамтамасыз етіледі. Ақпарат расталған және сотта айыптау үкімі болған жағдайда, өтініш иесі 240 мың теңгеге дейін ақша қаражатын ала алады", - деді Алик Шпекбаев.