Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкентте 11-сыныптың оқушысы өзіне қол салып қайтыс болған еді. Өлер алдында ол қоштасу хатын жазып, өз өліміне кінәлі 4 оқушыны көрсетіп кеткен, бәрі де сыныптастары. Айтуынша, әлемжеттік көрсеткен екен. Қазір осынау оқиға бойынша тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр.
Қызығы сол, полицейлер хатта көрсетілген 4 баланың бірде-бірін күдіктілер қатарына қоспапты, басты күдікті ретінде олар хатта мүлде аты аталмаған төменгі сыныптың оқушысын алған. Марқұмның анасы болса тергеудің былыққа толы екенін айтып отыр. Ерсұлтанның өліміне жазықсыз адам сотталып кете ме деп қорқады ол. Оның үстіне, полицейлер әйелдің алғашқы жазған арызын да жоғалтып жіберген. Тек 20 күн өткеннен кейін екінші қайтара тағы да шамыданыпты. Тергеушілер болса «10 сынып оқушысын қамап алсақ, қалғандары артынан қамала береді» деп ұлынан айрылған ананы көндіріпті.
«Міне, қазір төрт ай түгілі, бес айдан өтіп жатыр. Өзгеріс жоқ, ол баланы жазықсыз қамап отыр. Менің талабым сол, төрт бала жазасын алуы керек. Менің балам көрде жатады екен де, бұлар неге талтаңдап көшеде жүреді екен», - деп ашынды Фатима Ақылбекова.
Күдіктінің туыстары да сот отырысында бірқатар таңқаларлық оқиғаларға тап болғанын айтады. Мәселен, хаттағы бастапқы төрт оқушы жәбірленуші қатарынан табылып отыр дейді. Ал сынып жетекшісінен баласына берілген оң мінездемені тергеуші қабылдамапты.
«Мақтап жазып берген мінездемені жамандап жазып бер, алмаймын, жұмысыңнан құрисың деп айтқан. Ал оның бұлай айтуға құқы жоқ қой», - дейді күдіктінің әкесі Бекболат Нұрлаев.
Мінездемеге қатысты әңгімені қамауда отырған баланың сынып жетекшісі де растады. Ал марқұм болған баланың туыстары судьяға 4 оқушыны жауапқа тартуды сұраған арызын табыстады.
Бұл жағдайға қатысты сол кезде: «Үлкендердің кішілерге әлімжеттік жасап жүргенін арнайы инспектор, мұғалімдер, директордың білмеуі мүмкін емес» - деген Шымкент әкімі директорды жұмыстан қуатынын да айтқан болатын. Алайда, марқұм болған Ерсұлтанның туыстары директор, директордың орынбасарлары мен ұстаздар жағы сөгіспен ғана шектеліп, барлығы да өз орнында қалғанын жеткізді.
Дереккөз: 31-арна