18.07.2018, 13:42

Әлібиді зорлады деп айыпталған Қайрат Жамалиев бостандыққа шықты

"Әліби ісі" басты фигуранты Қайрат Жамалиев бостандыққа шықты, - деп жазады Tengrinews.kz. Оның өтелмеген жазасы айыппұлға ауыстырылды.

"Қазіргі уақытта Жамалиев Қ.С. ҚАЖ мекемелерінде есепте жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабы 3-бөлігіне сәйкес Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының шешімімен қалған өтелмеген жазасы айыппұлға ауыстырылды", - деп хабарлады ҚР ҚАЖК өкілдері ресми сауалға берген жауабында. 

Қайрат Жамалиев 2015 жылдың тамызында 13 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сот оның барлық мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған. Оның ішінде ЖШС-дағы үлесі, банктегі есепшоттары және бірнеше көлік бар. Кейін Қайрат Жамалиевтің өтінішімен кассациялық инстация жәбірленуші Әліби Жұмағұловтың пікірін есепке ала отырып, сотталушының әрекетін басқа бапқа ауыстырған. Осылайша Жамалиевтің жаза мерзімі 13 жылдан 7 жылға азайтылған.

2017 жылдың желтоқсанында Алматы облыстық соты прокурорлардың Қайрат Жамалиевті қоныс колониясына аудару туралы бірінші инстанция шешімне қатысты апелляциялық арызын қарастырған. Сотталушы қоныс колониясына аударылған, мұнда ол 2017 жылдың 10 қарашасындағы жағдай бойынша 4 жыл 4 ай және 28 тәулік болуы тиіс еді. 

"Әліби ісі" әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар мен видеолардан кейін бүкіл елге белгілі болған. 2015 жылдың сәуірінде Әліби Жұмағұловтың әкесі соққыға жығылған баласының суреттерін жариялаған.