Қазақстан азаматтығын алған 13 жастағы қызды қытайға қорқытып шақыртып, қамап тастап отыр. Туған қызынан тірідей айрылып отырған ана осылай деп зар жылады. Видеоны белгілі тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады.
13 жастағы Динара Ерғалиді биыл ақпан айының 2-сі күні Қытайға бопсалап алып кетіпті.
«13 жастағы қыздың не жазығы бар? Қызымыз Қазақстан азаматы. Алдындағы 2 бауырын тұтқындаймыз деп бізге зорлық көрсетіп қызды шақыртқан. Енді саяси үйрену деген жерге апарып қамап қойды. Не деген азап мынау? Қаңғыған қаздай, қонған торғайдай боп қалдық», - деген ана Қазақстан билігінен көмек сұрады.
Кейуаның жалғыз бағушысы, ұлы Ербол Ерғали да 7 ай бұрын Қытай билігі тұтқынға алғанын айтады.
«Баламның 4 және 1 жасар ұлы бар. 22 жастағы келіншегі бар. Не жазығы бар баламның? Қытайға не жамандық істедік?», - дейді көз жасы көл болған ана.
Айта кетейік, соңғы кездері Қытай билігіне наразылық танытатын оралмандар саны күн санап көбейіп келеді. Бұған дейін дәл осы аспан асты елінен қашып келген Сайрагүл Сауытбай шекараны заңсыз кесіп өтті деген айыппен тұтқындалған. Елге келу себебі, оның мұнда некелі жары мен кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуы. Сайрагүлдің жары келіншегін қамауға алса да, жазасын Қазақстан түрмесінде өтесе деп отыр.