Қызылордада көпбалалы ана бірнеше адамға пәтер алып беремін деп алдап, ақшаларын жымқырып кеткен. Күні кеше оған сот үкімі шықты деп жазады Қазақпарат.
Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Алаяқтық жасаған әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағымен айыпталды.
Ол бір танысының пәтер алуды жоспарлап жүргенін естиді. Осы сәтті пайдаланған ол жәбірленушінің сеніміне кіреді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беретінін айтады. Ол үшін 2,5 млн теңге қажеттігін айтады. Осылайша алаяқтық жолмен ақшаны алдап алған. Алайда, оның пәтер алып беретін ешқандай мүмкіндігі жоқ еді.
Сот үкімімен сотталушы Г-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, айыпталушы азаматшаның кәмелетке толмаған 6 баласы бар екен. Сот осындай жағдайларды ескере отырып, жазаны «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына рақымшылық жасау туралы» 13.12.2016 жылғы ҚР-ның Заңының 4-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қысқартты. Оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды.