07.08.2015, 05:09

Жамалиевке 13 жылдық жаза кесілді

kaz.tengrinews.kz

Кәсіпкер Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды, ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды.

Осылайша Бұл істі қарап жатқан сот төрағасы Ербол Рахымбеков биылғы 11 маусымда басталған атышулы сот процесіне нүкте қойды. Соттың жабық түрде өткен іс қарауы екі айға жуық уақытқа созылды.

Соттың шешімі бойынша, Арман Әбілтаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Ал Анатолий Прибытков қатаң режимдегі колонияға 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленеді.

Tengrinews.kz тілшісінің хабарлауынша, Жамалиевке қатысты үкім оқылып біткеннен кейін сотталушының туыстарының жылаған дауыстары естілді.

Айта кетейік, соттың шығарған үкіміне сәйкес, мұнда мәселе сотталушылардың барлық мүлкін тәркілеу туралы болып отыр. Ал сотталушылардың бұл үкімге шағымдана алатыны айтылып отыр.

Сотталушыларға үкім шығару ашық түрде өтті. Айта кетейік, осыған дейін мемлекеттік прокурордың істегі басты күдікті кәсіпкер Қайрат Жамалиевті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған еді. Сонымен қатар, ол Әбілтаевті мүлкін тәркілей отырып 8 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Прибытковты 7 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен еді.

Еске сала кетейік, Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловты ұрып-соғуға байланысты дау биылғы сәуірде басталған еді. Жігіттің әкесі Нұрлан Жұмағұлов әлеуметтік желіге баласының суретін салып, оны қаладағы белгілі кәсіпкер Қайрат Жамалиев ұрды деп хабарлады. Кейін кәсіпкер ұсталып, екі айға қамауға алынды. Айыпталушы Жамалиев пен Прибытков кінәларын мойындаған жоқ, олар өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Қайрат Жамалиев Әліби Жұмағұловқа тек дене жарақатын салдым деп отыр.