Жаңаөзендік Самат Қалиев пен Бекзат Қойлыбаевтың ата-аналары қалалық прокуратураға арызданды. Жас жігіттердің айтуынша, полицейлер екеуін әбден ұрып-соғып, біреудің жасаған қылмысын мойындарына ілмекші болыпты. Қазір екеуі де Жаңаөзен қалалық ауруханасының жарақат бөлімінде емделіп жатыр деп жазады Lada.kz.
Бекзат Қойлыбаевтың анасыв Әлия Сейсенбаеваның айтуынша, 27 тамызда оның ұлы мен ұлының досы Самат Қалиевке автокөлік келіп, ішінен бірнеше ер адам түскен. Олар ешнәрсені түсіндірместен екі жігітті көлікке отырғызып алып кетіпті. Кейін анықталғандай, олар полиция қызметкерлері екен.
Полиция бөлімшесінде жас жігіттерді ұрып-соғып, наурыз айында болған ұрлық қылмысын мойындаңдар деп азаптаған көрінеді. Тіпті, тоналған жәбірленуші әйелді әкеп беттестіргенде, ол екі жігітті де танымайтынын, қылмыскерлердің басқа адамдар екенін айтқан. Тек үш тәуліктен кейін екеуін кепілдікпен үйлеріне босатыпты.
«Бүгін, 30 тамызда, оларды кепілдікпен үйге босатты. Балалар денсаулықтарының нашарлығына шағымданды. Қазір екеуі де ауруханада, милары шайқалып, түрлі жарақаттар алған», - дейді ата-аналары.
Балалардың туғандары қазір прокуратураға арызданғандарын айтып отыр. Ол жақтағылар арызды қабыл алып, тексеру жүргізуге уәде беріпті.