$ 489.06  536.21  5.05

Түрік азаматынан таяқ жеген жедел жәрдем жүргізушісі істің жылы жабылуы мүмкін екенін айтып дабыл қақты

Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін Түркия азаматы көшенің дәл ортасында соққыға жығып, денсаулығына айтарлықтай залал келтірген болатын. Артынша, шетелдікті полиция ұстағанымен, прокурорлар оны қолхатпен босатып жіберді. Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүріп жатқаны айтылған еді. Алайда, жәбірленушінің өзі мен адвокаты істің жылы жабылуы мүмкін екенін айтып дабыл қақты.

Заңгердің сөздері Instagram әлеуметтік желісіндегі Almatygggram парақшасында жазылған. Оның сөзінше тергеуші бұлардың арыздарын да қабылдамаған көрінеді.

«Келісілген уақытта, яғни 2018 жылдың 29 қыркүйек күні сағат 14:30-да Алмалы аудандық ІІБ-нің ғимаратына тергеуші Байдулла Азаматтың шақыртуы бойынша келіп, қылмыстық істің материалдарымен таныспақ болдық. Тергеуші 5-қабаттан арнайы түсіп, бізден ұялы телефондарымызды қалдырып кетуімізді талап етті. Қылмыстық іс материалдарының көшірмесін қалай түсіріп аламыз деген сауалымызға "оны түсіріп алуға құқыларыңыз жоқ, тіпті тергеу аяқталғаннан кейін де" деп жауап берді. Осылайша ол ҚР Қылмыстық кодексіндегі 295 және 296-шы баптарды бұзып отыр», - деп жазылған жәбірленуші тараптың мәлімдемесінде.

Тергеуші сондай-ақ, талап-арызды қабылдамайтынын да айтқан көрінеді.

«Сіздердің шағымдарыңызды қабылдамаймын. ІІБ-нің кеңсесіне өткізіңіздер. Бірақ, бүгін сенбі, ол жер жұмыс істемейді», - депті тергеуші жәбірленуші мен оның қорғаушысына.

«Тергеуші неліктен жәбірленушінің денсаулығына келтірілген залалдың деңгейін анықтау үшін қосымша сараптама тағайындамауға барын салуда? Бұл кімге тиімді?» - дейлінген аталған жазбада.

Еске салайық, аталған оқиға 18 қыркүйекте болған еді. Жедел жәрдем көлігімен жолға таласқан Түркия азаматы жүргізуші Николай Кучманы сабап тастаған. Алған ауыр жарақатынан ер азамат ауруханадан бір-ақ шықты. Ал, 28 жастағы бұзақы болса видеоүндеу жариялап, Қазақстан халқынан кешірім сұрады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары