Ақтөбеде есірткі саудасымен айналысқан ірі қылмыстық топқа сот үкімі шықты деп хабарлайды aktobetimes.kz. Үкім Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.
Қылмыстық топқа 46 жастағы азамат жетекшілік еткен. Ол есірткіні алып келіп, өзінің үш сыбайласына тапсырып отырған. Үшеуінің бірі өзінің азаматтық некедегі әйелі болса, қалған екеуі бөгде еркектер. Олар барлығы телефон арқылы байланыста болып, құпия сөздер арқылы сөйлесіпті.
Тергеу материалдарынан анық болғандай, қылмыскерлер есірткіні дүкендерде де сатыпты. Мәселен, топ жетекшісінің әйелі марихуананың 1 дозасын 2 мың теңгеден кәдімгі азық-түлік дүкенінде сатып келген. Ал, екі еркек болса арақ сататын дүкендерге келіп, нашақорларды есірткімен қамтамасыз етіпті.
Аталған іске куәгер ретінде 15 адам тартылған. Олардың бәрі де 2017 жылдың наурызынан 2018 жылдың ақпан айы аралығында қылмыстық топ мүшелерінен есірткі сатып алғандар. Араларында 15 жастағы мектеп оқушысы да бар. Ол есірткі сатушысын 2017 жылдың қаңтар айынан бері танитынын айтып отыр, яғни бұған дейін олар көрші болған екен.
Қылмыскерлерді ұстау үшін полицейлер өз агенттерін сенімді "клиенттер" қатарына қосып, айыптыларды қылмыс үстінен қолға түсірген. Олардың үйін тінту барысында 54 келі марихуана табылып, тәркіленді.
Сот барысында басты айыпталушы өзіне тағылған кінәні мойындаған жоқ. Ол есірткі толы сөмкелерді полицейлер өздері әкеп тастады дегенді айтып ақталмақ болды. Дегенмен, қылмыстық топтың айыбы толық дәлелденіп, топ жетекшісі 17 жылға, оның азаматтық некедегі әйелі 15 жылға, екі ер азамат 16 және 17 жылға бас бостандықтарынан айрылды.