20.08.2015, 03:58

Ермегияевтің жүргізушісін оған қарсы куәлік етуге мәжбүрлеген болуы мүмкін

«Астана ЭКСПО-2017»  ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевтің жеке жүргізушісі Саят Надірбаевты тәртіп сақшылары күштеп басшысына қарсы куәлік етуге мәжбүрлеген деп мәлімдеді жүргізушінің жақындары.

Жүргізушінің жақындары Нәдірбаевты конспиративті пәтерде бес күн бойы күштеп ұстағанын айтуда.

4 тамызда Саят Нәдірбаевқа Алматы әуежайында белгісіз біреулер жақындап, «Астана-ЭКСПО-2017-дегі″ жемқорлықтарға қатысты куәгерлік түсініктеме беруін талап еткен. Ер кісі Астанада іс бойынша түсініктеме беруге келісімін бергесін 5 күн бойы хабарсыз кеткен.

«Оны бір пәтерде бес күн қамауда ұстап, психологиялық қысым көрсеткен. Балаларының фотосын көрсетіп, қоқан-лоқы жасаған. Болмаған жайттар үшін куәлік етіп, белгісіз құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген», – дейді Нәдірбаевтың жарының әпкесі Айнұр Сұраншиева.

Жүргізушінің жақындары оның өміріне қауіп төнгесін, Саят түнде үйден белгісіз бағытқа хабарсыз кеткенін айтуда.

Оны естіген тергеушілер үйін тінтіп, түк таппаған. Ақыры Саяттың әйелін сұрақтың астына алуға ертіп әкеткен.

«Оны тергеуге алған. Тергеу кезінде әйел жауаптарын өзгертіп жібергеніне шағым түсірді. Прокуратура бұл істі тіркеп, соталды тергеу жұмыстарын бастады”, – дейді қорғаушысы Айман Умарова.

Еске салсақ, «Астана-ЭКСПО-2017»  экс-басшысы Талғат Ермегияев бүгінде үйқамаққа алынған. Ол 4 млрд теңге жымқырды деп күдіктелуде.