Қытай елінде сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың экстрадициялануына үміт пайда болды. Бұл туралы бойжеткеннің қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазды.
«ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ҚХР-ға жасаған сапарының барысында мен, Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы күтіп жүрген ҚР мен ҚХР арасында 2011 жылдың 22 ақпанында сотталған тұлғаларды тапсыру Келісімі туралы ратификациялық грамоталармен алмасу хаттамасына қол қойылды. Бұған дейін ҚР СІМ құжатқа қытайлық тараптың ресми қол қоюы (келісуі) ғана қалғанын хабарлаған болатын. Ратификациялық грамоталармен алмасу процедурасы - ұлттық заңның (ратификацияның) халықаралық келісімді бекітуі. Ескеретін жайт, халықаралық келісім ратификациялық грамоталармен алмасу күнінен 30 күн өткен соң күшіне енеді. Мен мемлекет басшыларының шешімін қолдап, қабылданған құжаттардың біздің азаматтарымыздың игілігіне бағытталатынын шамалап отырмын. Аталған құжаттың қабылдануы ҚХР-да сотталған азаматтарымыздың экстадициялануына үміт беріп отыр», - деп жазды қорғаушы С.Нұрмағамбетов.
Еске сала кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың бұған дейін: «Қазақстан мен Қытайдың достық қатынастарын есепке ала отырып, 2011 жылы елдер арасында сотталған тұлғалармен алмасу келісімшартына қол қойылды, Қазақстан Парламенті бұл келісімшартты 2013 жылы бекіткен, алайда қытайлық тарап бекіту мәселесін қарастырып отыр», деп түсініктеме беріп өткен.
20 жастағы қазақстандық студент Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткілік заттарды контрабандалауда айыпты деп танылып, ұсталған. Бойжеткен Қытайға сатуға арналған бренд киімдерін алу үшін барған. А.Тұрлыбайдың айтуынша, есірткіні оған клубта кездейсоқ танысқан адамдар тастаған. Қазақстандық бойжеткенге өмірінің соңына дейін түрмеге қамалу жазасы берілді. Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғау тарапы кейінірек үкімге шағым беретінін мәлімдеген.