Астананың полицейлері аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскер Қанат Сәдуовты ұстады. Бұл туралы елордалық ІІД баспасөз қызметі хабарлайды.
"Жедел-іздестіру шараларының кешенін өткізу кезінде Астана қалалық ІІД жедел қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген 43 жастағы Сәдуов Қанат Ғайсаұлын ұстады. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қанат Сәдуов туыстарының жеке үйінде, арнайы қазылған жертөлесінен табылды", - делінген таралған хабарламада.
Еске салайық, бұл оқиға мамыр айының соңында, тура соңғы қоңыраудың ертеңіне болған еді. Астанадағы №25 мектепте жұмыс істеген әйелін Қанат Сәдуов сыртқа шығарып, үстіне жанармай құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ұстаз ауруханада бір аптадай жатып, ақыры есін жимастан көз жұмды. Оны жер қойынына тапсыруға күйеуінің бірде-бір туысы келмеді дейді марқұмның жақындары. Осы іске байланысты ҚР ҚК "Кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.