31.12.2018, 08:33

«Жүргізушісі мас болған»: полиция 3 адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты мәлімдеме жасады

Алматыда актриса Шолпан Елгезек қаза тапқан жол апатына қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы полиция департаменті Абай және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында болған жан түршігерлік жол апатына қатысты алғашқы деректерді мәлім етті.  

«Mercedes Gelandewagen» маркалы автомобиль жүргізушісі, 1985 жылы туған азамат К. Абай және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында жол апатын жасағандықтан, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Тергеу барысында жүргізушінің мас болғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына және 347-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді полиция департаментінің өкілдері. 

Қазір іс бойынша тиісті сараптамалар белгіленген. Бұрын ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев актрисаның өлімін тергеп-тексеру ерекше қадағалауда екенін мәлімдеген болатын.