Денис Теннің қазасына кінәлі деп танылған Нұралы Қиясовтың әкесі өз ойымен бөлісті. Тек біздің арнаға ғана берген сұхбатында, ол күні кеше 18 жылға бас бостандығынан айырылған ұлын ақтап алуға әрекет етпейтінін айтты. Өйткені істің өзгеретініне үмітін үзген сияқты. Ал ел ішінде болған жайттан соң бұл отбасының бірден әлеуметтік жағдайы жақсарып кетті деген сөз де тараған еді деп хабарлайды 31 арна.
Қиясовтың әкесі Дәулетбек Сейітов істің өзгеретініне үмітін үзген секілді. Ел назарын ерекше аударған жайт бұл әулеттің еңсесін езгені аян. Әкесінің айтуы бойынша, ол көптің көзіне күйік болғандай күй кешкен. Сейітов жұрттан маңдайға жазған жазатайым жағдай үшін жазғыра көрмеуін жалына сұрайды.
Әкесі ұлымен алты айдан бері жеке жүздеспеген. Бір сәт тергеуде тілдескенде Нұралы Қиясов оған пышақ сілтемегенін айтып қалған екен. Әкесі сол кезде ұлының бір шындықты бүгіп қалғанына сенімді.
Дәулетбек Сейітов Қиясовтың ақталып шықпайтынына көзі жеткен. Сондықтан, аппеляциялық шағым түсірмеу туралы шешімге келген.
«Қалай оңай болады? Бала қамалды, енді не қыламыз? Қолымыздан ешнәрсе келмейді», — дейді ол.
17 қаңтар күні 18 жылға бас бостандығынан айырған соттың соңғы шешімін тыңдауға анасы мен ағасы барған. Әкесі мал-жайға қарайтын жан болмаған соң, үйінде жалғыз қалған.
Сондай-ақ, Сейітов Оксана Тен айтқандай Қиясовтар әулеті күрт байып кетті дегенмен келіспейді. Оның сөзінше, қорадағы әр малы сырғасымен бірге тіркеулі.
«96 жылғы көлік. Бес-алты жыл болды алғанымызға. Малымның барлығы Өкіметте тіркеулі. Байып кеткен ешнәрсеміз жоқ. Айтып жатқан жаласы ғой», — дейді Қиясовтың әкесі.
Осылайша Сейітов Денис Тенді өлтіріп, дәулет бітті деген айыпты жоққа шығарды. 24 жасында абақтыға жабылған Нұралы Қиясов оның төрт баласының екіншісі.