Ақтөбе облысы Алға аудандық сотының 58 жастағы хатшысы асылып қалған. Суицидке ол өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін барған деп жазады "Актобе Таймс". Оқиғаның мән-жайы Жоғарғы соттың ресми сайтында жазылған.
2018 жылдың қазан-қараша айларында Алға аудандық орталық ауруханасы 25 жастағы ер азаматты нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу үшін аудандық сотқа арыз түсіреді. Сот хатшысы мен нашақор жігіттің туыстары өзара сөз байласып, істі сотқа жеткізбей шешуге келісіпті. Бұл "қызметі" үшін хатшыға Samsung шаңсорғышы, судьяға Silver Ombre әтір суы берілуі тиіс болған. Хатшы өзіне тиесілі сыйлықты алады, ал судья болса пара алудан бас тартқан.
Мұнан кейін күдіктінің үстінен "Қызметін пайдалана отырып алаяқтық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Әйел тергеу барысында тағылған айыпты мойындап, Жаңа жылға дейін Алға аудандық сотында алғашқы тыңдау да өткен екен.
"Әйелдің күйзеліске түскенін көріп, мен істің Алға аудандық сотында емес, Ақтөбеде қаралуын сұрадым. Алайда, араға үш сағат салып, сот төрағасы бізге келісім бермеді. Бірақ, ол адамгершілікке барып, сот өтетін орынды ауыстыруы керек еді. Онсыз да кінәсін мойындап, жығылып жатқан адамға жұдырық жұмсаудың не қажеті бар еді?" - дейді айыпталушының адвокаты.
8 қаңтар күні басты сот отырысы басталуы тиіс болған. Алайда, айыпталушы әйел ол күнге дейін аман жете алған жоқ, ол өзіне қол салды.
"Оған өзі 25 жыл бойы жұмыс істеген соттың алдында жауап беру ауыр соққы болды. Егер істі Ақтөбе қаласына бергенде бәлкім мұндай қайғылы жағдай болмас па еді", - дейді адвокат.
Ал, марқұмның туыстары болса қандай да бір пікір білдіруден бас тартып отыр.