15.07.2015, 09:20

ОҚО соттарындағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі көрсеткіші 97 пайыз

Фото: aikyn.kz

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпазы, облыстық соттың Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің 2000 данамен басылып шыққан  «Тілім - тірегім» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараға облыстық соттың төрағасы мен алқа төрағалары, судьялар және Кеңсе басшысының орынбасары, тілші-ғалымдар, облыстық, Шымкент қалалық әкімдіктерінің Білім, жастар саясаты, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Іс-шараны төраға Н.Шәріпов ашып, шақырылған қонақтарды таныстырып өтті. Осыдан кейін Нұрсерік Кәрімұлы Қ.Дүйсенбидің облыстық сотта мемлекеттік тіл мәселесіне жауапты маман болып бекітілген үш жылдан бергі уақытта  жергілікті соттардың 36  қызметкері мемлекеттік тілді меңгеру курстарында оқып шыққанын және облыс соттарындағы жалпы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі орташа көрсеткіші 67 пайыздан 97 пайызға дейін өскенін, ал қазақ тілінде қаралған істердің үлесі 55 пайыздан 74 пайызға жеткенін атап өтті.

Сонымен қатар, жиын барысында «Тілім - тірегім» кітабының мән-маңызы туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы баяндама жасады. Баяндамадан кейінгі жарыссөзде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «АЛАШ» сыйлығының иегері,  Оңтүстік Қазақстан облысының  «Құрметті азаматы», белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-драматург Захардин Қыстаубаев және Шымкент қаласы әкімдігі Тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрила Жұманова сөйледі. Олар «Тілім - тірегім» кітабы туралы, оған енгізілген 1990 жылдан бүгінгі күнге дейінгі мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту, оқытып-үйрету, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу және ономастика, терминология салаларындағы өзекті мәселелер жөніндегі материалдар мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын мамандарға өте пайдалы әдістемелік құрал екенін айтып, өздерінің авторға деген жылы лебіздерін білдірді.

Іс-шара соңында қорытынды сөз сөйлеген Қабыл Тұрарұлы келген қонақтарға алғысын білдіріп, оларға қолтаңбасы қойылған кітаптарды таратып берді.