«Ахметов ісі» бойынша сотта түсінік берген сотталушы Думан Нұрбаев сотталушы Әлжан Ақмолдаевтың (Қазақстандық өнеркәсіптік корпорацияның бұрынғы вице-президенті) нұсқауымен Дубайдағы«Al Karada General Trading LLC» компаниясының шотына 1 млн. доллар ақша аударғанын айтты.
Алматылық кәсіпкер Ә. Ақмолдаевтың «көмегімен» өзінің екі компаниясының («Eco-treatment systems» және «Sapa Project Group») Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі нысандарды салуға тиімді келісімге қол жеткізгені үшін облыстың әкімдіктің лауазымды тұлғаларына пара бергенін әңгімеледі. Оның айтуынша, Ә. Ақмолдаевтың нұсқауымен облыстың экс-әкімі С. Ахметовке 2 млн. доллардың жартысын қолма-қол ақшамен, жартысын шетелдік компанияның шотына аудару арқылы берген.
Бұл оқиғаның қалай болғанын Д. Нұрбаев сот залында былай әңгімеледі: «Алдын-ала келіскеніміздей, ақшаны шетелдік компанияның шотына аударатын кезде Ә. Ақмолдаев маған «е-мейл» бойынша хабарлама жазып жіберді. Делдалдық көрсететін адамдарды табуды өзіме тапсырды. Содан соң, ескі досым Н. Елғондин тауып берген үш компанияға («Сомнус», «Perfect Education», «Gepipe Trade» ЖШС-і) берген нұсқауым бойынша, «Sapa Project Group»-тың шотындағы ақша қолма-қол түріне айналдырылды. Әріде осы ақшаны шетелге аудару қажет болатын. Шынымды айтсам, бұған дейін мұндай іспен айналыспағандықтан біраз қиналдым. Көптеген таныстарыма хабарластым. Әйтеуір көп ізденістен кейін, бір жігітті таптым. Нақтысын айтсам, 2012 жылы 30 қарашада Ә. Ақмолдаев менің «1179071@gmail.com» электрондық поштама шетелдік бір компанияның шотына ақша аудару қажеттігін айтып, хабарлама жіберді. Мұнымды растау үшін мен сотқа дейінгі тергеу барысында «е-мейлімдегі» пошта жәшігін өз еркіммен ашып, әлгі хаттарды көрсеттім. Ол жерден арабтың «Al Karada General Trading LLC» атты компаниясының мынадай мекен-жайдағы: «Al Karada General Trading LLC, Addres: P.O. Box 29951, Sixth floor, Saeed Tawer 2, Dubai, United Arab Emirates, Acc No 0232386288001, IBAN: АЕ 29 040» деректемелері шықты. Одан кейінгі оқиғаларға келсек, нәтижесінде мен «Al Karada General Trading LLC» шотына 1 млн. АҚШ долларын аудардым».
Сотталушы одан әріде бұл операцияның егжей-тегжейіне тоқталып, ақшаны үш траншпен жібергенін жеткізді. Әуелі 2012 жылы 11 желтоқсанда – 150 мың доллар, 13 желтоқсанда – 100 мың доллар, 27 желтоқсанда – 147 мың доллар аударады. Барлығы 993 мың доллар шетелдік компанияның шотына түседі. Кәсіпкер ірі көлемдегі ақшаны аударған қызмет көрсетуші банктердің шотында 6,600 мың доллар қалғанына дейін біліп отырған. Айтарлығы, сотталушы осыдан үш жыл бұрынғы болған оқиғаның жай-жапсарын әлі ұмытпапты. Онысын былай әңгімелеп берді: «Шетелге ақша аударатын кездегі тауып алған жігіттің есімі Сергей болатын. «Мәскеулік» акценті болғандықтан ақырын сөйлеуші еді. Ол бір серігімен Алматыда пәтер жалдапты. Соған бардым. Аударатын ақшаны қолына ұстаттым. Сергей барлық ақшаны есептейтін машинкамен тез санап алды. Сөйтіп, басқа бір бөлмеге барып, қайтып келіп, маған ноутбуктағы жазуды көрсетті. Онда ақшаның аударылғаны көрсетілген екен.. Артынан маған мұны растайтын түбіртек берді. Кейініректе ақшаны аударғанымды растау үшін, осы қағазды Ә. Ақмолдаевқа табыстадым. Менің түсінгенім, Сергей ақшаны шетелге ғаламтор-банкингтің көмегімен аударды. «Жедел» көрсеткен қызметі үшін делдал аударылған соманың 1,5-2 пайызын өзіне алды».
Д. Нұрбаев әлгі аударымдардың белгілі бір келісім-шарттарға (шын мәнісінде ондай келісім-шарттар болмаған) сәйкес, жүзеге асырылғанын айтты. Алайда жалған құжатта қандай да бір көлік қызметтері туралы айтылғанымен, шындығында «Al Karada General Trading LLC» компаниясы қазақстандық компанияларға ешқандай қызмет түрін көрсетпеген. Ә. Ақмолдаевтың сөзінен оған мәлім болғанындай, шетелдегі компанияның шотына аударылған ақша өзі түсінгендей, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға мүмкіндік бергені үшін пара есебінде С. Ахметовке жіберілген.
Әмина БӘКІР.