Бұған дейін әлеуметтік желіде Атыраудағы көпқабатты үй ауласында арнайы жасақтың 3 адамды жерге жатқызып, тұтқындап жатқан видеосы тараған болатын. Жергілікті полиция олардың теріс діни ағым өкілдері екенін және адам ұрлап, ақша бопсалағаны жөнінде күдік бар екенін xабарлайды, деп жазады Ақ Жайық.
«1990, 1991 жылғы үш азамат 16 сәуірде өзбекстандық азаматты үйінен ұрлап алып, соққыға жыққан. Сөйтіп, одан 300 мың теңге бопсалаған. Бұған дейін де осындай жолмен 100 мың теңге алынған. Күдіктілер қолға түскен кезде олардан ақша мен басқа да айғақтаушы заттар, сондай-ақ, пышақ пен «Лада Ларгус» көлігінің кілті табылды», - дейді Атырау облыстық полиция департаментінің діни экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы.
Қазір бұл бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
19 сәуірде Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктілерді екі айға қамауға алу жөніндегі шешімді санкциялады. Айта кету керек, ұсталғандар өз кінәсін мойындаған.