25.04.2019, 10:15

Конституциялық кеңес Тоқаевтың соңғы 15 жылда ел аумағында тұру нормасын түсіндірді

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке үміткерлерге қойылатын талап – соңғы 15 жыл бойы елде тұру туралы норманы түсіндіруді сұраған еді. Конституциялық кеңес президенттің өтінішіне байланысты шешімін жариялады. Сондай-ақ кеңес президенттік барлық талапқа сай келетінін айтты.

«Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады деген сөздерді, Республика президентіне кандидат ретінде ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұрақты тұратын азамат тіркелуі мүмкін деп түсінуі керек. Екіншіден, белгіленген 15 жылдың мерзімге ҚР дипломатиялық қызметінің персоналының және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы мәртебелі лауазымдарға тағайындалған, сайланған азаматтардың республикадан тыс жерлерде тұру кезеңдері де қосылуы мүмкін», - деді ҚР Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми.

Еске сала кетейік, 9 сәуір күні Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялап, 9 маусым күні кезектен тыс сайлау болатынын мәлімдеген. 

Сондай-ақ ол елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, шешім қабылдағанын айтқан.