$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында 12 жасар қызға күш көрсетіп, телефонын тартып алған күдікті ұсталды

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылында болған қарақшылық оқиғасы бойынша күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысы Полиция департментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 27 сәуір күні сағат 18:00 шамасында болған. Бейтаныс адам көшеде келе жатқан 12 жастағы жасөспірім қызға дене жарақатын салып, қолындағы ұялы телефонын тартып алған. Оқиға куәгері болған тұрғын шұғыл полицияға хабар беріп, күдіктінің қай бағытта кеткенін айтқан.

«Куәгердің ақпаратына сәйкес күдіктіні ұстау мақсатында жедел іздестіру шараларын жүргіздік. Бірнеше көшелер мен тұйық көшелер тексерілді. Қалтарыстар мен қалың бұталардың арасынан күдіктіні таптық. Ұстау кезінде ол қарсылық көрсетті, дегенмен қоянқолтық ұрыс әдісімен оны жылдам тұтқындап, кісен салдым. Оқиға орнынан қолды болған ұялы телефон табылып, тәркіленді»,- деді ауылдық полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Эльдар Ережепов.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, тексеру барысында күдіктінің 37 жастағы Алматы қаласының тұрғыны екені, оның бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны және полициядан бой тасалап жүргені анықталды. Қарақшылық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қазір уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

Айта кетейік, зардап шеккен жасөспірім қыз дәрігерлердің тексеруінен кейін үйіне жіберілді. Тәртіп сақшылары күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтауда.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары