Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингілерге қатысу жөнінде шақырулар таралған. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары М.М.Ахметжанов осындай шаралардың салдарын ескерту үшін қазақстандықтарға «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы заңының 31-бабы тәртібінде үндеу жариялады.
«Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингілерге қатысу жөнінде шақырулар таратылуда.
Бас прокуратура ондай акцияларды өткізген жағдайда оған қатысқандардың әрекеттері бейбiт жиналыстар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу ретінде сараланатынын ескертеді.
Құқық қорғау органдары құқық бұзушыларға ден қойып, оларға тиісті шаралар қолдануға міндетті болады.
Осындай акцияларға қатысуға шақырғаны, оларды ұйымдастырғаны, қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылық туындайды.
Егер де бұл әрекеттер елеулі зардап келтіретін болса, онда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылыққа тартылады», - делінген үндеуде.
Бас прокуратура, еліміздің жоғарғы қадағалау органы ретінде, азаматтарды заңды мүлтіксіз сақтауға, арандатуға ермеуге және заңсыз акцияларға қатысудан тартынуға шақырады.