Абай алаңына бос плакатпен келген Орал қаласының тұрғынын полиция қызметкерлері ұстап әкетті деп жазады «Уральская неделя».
Жас жігіт осы әрекетімен Қазақстанда адам құқығы тапталып жатқанын көрсеттім дейді.
24 жастағы Аслан Сағутдинов 6 мамыр күні таңертең Абай ауданы әкімшілігінің алдында қолына бос плакатпен келген. Оның айтуынша, ол Қазақстандағы сөз бостандығы мен демократияның жоқтығын көрсету үшін бос парақшамен шыққан екен.
«Мен ешқандай петицияға қатыспайтын қарапайым азамат екенімді көрсетсем де, плакатта ешқандай жазулар болмаса да, полиция қызметкерлері мені ұстады. Менің есімім – Аслан Сағутдинов және менің айтқым келгені, қазақ халқы бостандықта өмір сүрсін», - деді ол журналистерге сұхбат беру барысында.
Ол бос плакатпен шамамен 5 минут тұрған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің бастығы Ербол Құсеков келіп, азаматты ешкім ұстамайтыны жайлы мәлім еткен. Алайда, Құсеков телефон арқылы біреумен сөйлесу үшін басқа жаққа кеткеннен кейін тәртіп сақшылары Асланды ұстап, полиция бөліміне алып кеткен.