$ 498.34  519.72  4.85

Түркістан облысында инкассаторларды өлтіру оқиғасына қатысты тағы бір күдікті ұсталды

Ал, қамауға алынған күдікті танысының адамдарды өлтіргенін және айғақты заттардың өз қорасында тығулы жатқанын полицияға айтпай, жасырып, жаппақ болған. Осы әрекеті үшін ол енді қамауға алынды.
Фото: Otyrar.kz
Фото: Otyrar.kz

Түркістан облысына қарасты Арыс ауданында инкассаторларды өлтіру қылмысы бойынша тағы бір күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп жазады Otyrar.kz.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған күдікті инкассаторларды өлтірген адамның танысы болып шықты. Зейнеткерлердің зейнетақысын шалғай ауылдарға жеткізбек болғандарды өлтірген «Қазпошта» қызметкері әріптестерінің көзін жойған соң, айғақты заттардан құтылмақ болып, осы танысының қорасына аңшы қаруы мен ақшаларды әкеліп жасырған. Ал, қамауға алынған күдікті танысының адамдарды өлтіргенін және айғақты заттардың өз қорасында тығулы жатқанын полицияға айтпай, жасырып, жаппақ болған. Осы әрекеті үшін ол енді қамауға алынды.

«Сезіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 434 бабы «Қылмыс туралы хабарламау» және 287 бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылатын құрылғыларды заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі  тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.

Инкассаторларды өлтірген деп күдіктелген «Қазпошта» қызметкеріне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін Қылмыстық кодекстің екі бабымен, «Адам өлтiру» және «Қарақшылық» бойынша тергеуге алынса, енді оған қатысты 287 баб «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша іс қозғалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары