Қазыбек би аудандық сотында ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен туристік компанияның менеджеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, «Comfort Travel Company» ЖШС-де менеджер болып жұмыс істеп жүрген азаматша саяхаттаушыларды алдау арқылы әрі олардың сеніміне кіре отырып Түркияға жалған туристік жолдамалар жасаған.
«Нәтижесінде, ол азамат А.-дан 970 000 теңге, азаматша П.-дан 90 983 теңге, азаматша К.-дан 90 983 теңге колемінде ақшалай қаражат алған. Сөйтіп, жәбірленушілерге жалпы сомасы 1 151 966 (бір миллион жүз елу бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге көлемінде материалдық шығын келтірген болатын», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Queen Tour» ЖШС-де тағлымдамадан өтіп жүріп, ешқандай құқығы болмаса да жоғарыда көрсетілген тұлғаларға ұшақ билеттерін жазып берген еді. Осылайша «Queen Tour» ЖШС-не жалпы сомасы 495 081 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Қазыбек би аудандық сотының үкімімен азаматша ҚР ҚК-нің 177-бабының 3-бөлімі «б»-тармағымен кінәлі деп табылып, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Сотталушы жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болады. Алайда, сотталушының жүкті болуына байланысты ҚР ҚК-нің 72-бабының 1-бөліміне сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жаза бір жылға кейінге шегерілді.Үкім заңды күшіне енген жоқ.