$ 494.87  520.65  4.91

Айсұлтан Назарбаевты Лондон соты жауапқа тартты

Сотта Назарбаевтың қорғаушысы істің мән-жайын айтпады. Ол өз клиентінің ұлыбританиялық заңдарды құрметтейтінін атап өтті.

Лондонның Сазарк ауданындағы Корольдік сотта Қазақстанның тұңғыш президентінің жиені – 28 жастағы Айсұлтан Назарбаевқа қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті. Ол есірткілік заттың әсерінде полицейлерге қарсылық танытып, олардың бірін ұрып, тістеп алған деп айыпталуда.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Айсұлтан Назарбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдалым 4 шілдеде басталған. Тыңдалым БАҚ үшін ашық тәртіпте өтуде. Әзірге айыпталушы қамауда, полицейлерге шабуылдағанын жоққа шығарып отыр. 

Айсұлтан Назарбаев үлкен сот залының ортасындағы арнайы бөлмеде отырды. Оны күзетшілер қоршаған. Тыңдалым барысында ол тіл қатқан жоқ. Десе де тараптардың оған сұрағы болған жоқ.  

Айыптаушы Грегор Маккинли Айсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың  3 маусымында Лондон орталығындағы мейманханалардың бірінде шу шығарып, балконға шығып алып, секіріп кетемін деп қорқытып, суицид жасайтынын айтып айқайлағанын мәлімдеді.

5 маусымда бұл жағдай қала орталығындағы пәтерлердің бірінде қайталанып, артынша көршілері полиция шақырған. Маккинлидің сөзінше, Айсұлтан Назарбаев өзіне қол жұмсайтынын айтып, қоңырау бойынша келген Росс Самбрукқа тап беріп, оны кеудесінен ұрып жіберіп, сол қолын тістеп алған. Өз кезегінде полицейлер электрошокер қолданыпты. 

Осылайша, Айсұлтан Назарбаев адамға зиян келтіріп, мүлікті зақымдады деп айыпталуда. Ол тұтқындалып, полицияға жеткізілген. 

Zakon.kz порталы Айсұлтан Назарбаевтың достарының біріне сілтеме жасап, оның 5 маусымда ешқандай да шу шығармағанын айтқан. Оның таныс қызы аңдаусызда пәтерін сыртынан жауып қалып, артынша Айсұлтаннан пәтерге терезе арқылы кіріп, есігін ашып беруін сұраған. Мұны көршілері көріп, полиция шақырыпты. Ал полиция «түрі азиаттық» азаматқа дөрекілік танытқан екен-мыс.

Сотта Назарбаевтың қорғаушысы істің мән-жайын айтпады. Ол өз клиентінің ұлыбританиялық заңдарды құрметтейтінін атап өтті. Сонымен қатар қорғаушысы өз клиентінің есірткіге тәуелділігін мойындап, қазіргі уақытта ол үшін қолайлы клиника іздестіріліп жатқанын айтты.

Қорғаушысы Айсұлтан Назарбаевты 90 мың фунт (43 млн теңгеден аса) кепілмен босатуды ұсынып, оған шектеулермен өмір сүретін пәтерде болуына мүмкіндік беруін сұрады. Мысалы, ол күн сайын полицияға келіп белгіленуге міндеттеліп, үйінде түнейтін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары