Бүгін, 17 шілдеде Шымкент қаласының Еңбекші аудандық соты «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, деп жазады Азаттық.
Судья Айнель Орақбаева Ерлан Балтабайды "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы (189-бап) бойынша кінәлі деп таныды. Үкімге сәйкес ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде өтейді.
Кәсіподақ төрағасы үкіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Судьяның үкім бойынша түсіндірмесін тыңдаудан бас тартқаннан соң полицейлер оны сот залынан қолына кісен салып алып кетті.
Үкім 15 күннен кейін күшіне енеді.
Балтабайдың үстінен «кәсіподақ ақшасын ұрлады» деп сотқа шағым түсірген кәсіподақ мүшесі, сотта жәбірленуші ретінде танылған Роза Нұрекеева үкімге қатысты комментарий беруден бас тартты.
Бұған дейін болған жарыссөзде прокурор Бағлан Әли соттан Ерлан Балтабайды 8 жылға соттауды сұраған болатын. Ал Балтабай соттан өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуды өтінген. Ол «заң бойынша кәсіподақ құрылтайшылардан емес, еріктілерден құрылады. Еріктілер кәсіподақ төрағасынан берілген жарнаны талап ете алмайды» деген еді.
«Шымкент қалалық әділет департаментінің өзі Роза Нұрекееваның кәсіподақ мүшесі екенін көрсетті. Ендеше ол іс бойынша жәбірленуші деп танылмауы керек» деген Балтабай.
Ол бұл істі «тәуелсіз кәсіподақтарды біржола құртудың амалы» деп есептейді. Балтабайдың үстінен қылмыстық былтыр қыркүйек айында қозғалған. Шымкент полициясы 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Ерлан Балтабайдың кеңсесін тінтіген.
2019 жылдың сәуірінде сот Ерлан Балтабайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастаған.
Маусым айында HRW ұйымы «кәсіподақ жетекшісі абақтыға жабылса, бұл Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты алаңдаушылығын күшейте түседі» деп мәлімдеген.