Қазақстандық танымал транплантолог дәрігер Ғани Құттымұратов қамауға алынды. «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» ӨҚҰ президенті Нұрлыбек Үдербаев елордада өткен баспасөз конференциясында дәрігерге қатысты қозғалған қылмыстық істің мән-жайын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
«Ол ҚР ҚК 264-бабы 2-тармағы (Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстықтопқа немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу) және 116-бабы 3-тармағына (Адам ағзалары мен тіндерін заңсыз алу) сәйкес күдіктеліп отыр», - дейді Үдербаев.
Қазіргі уақытта Ғани Құттымұратов тұтқындалған. Үдербаевтың сөзіне қарағанда, трансплантолог дәрігердің қамауда отырғанына шамамен 3 ай болған.
Әріптестері мен медициналық көмекке мұқтаж пациенттер құқық қорғау органдарынан тергеу кезінде Құттымұратовқа қатысты бұлтартпау шарасын алмастыруды сұрамақ.
Ғани Құттымұратов – медицина ғылымдарының PhD докторы, 2005-2008 жылдардағы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. 2011-2013 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас трансплантологы болған. Ол – жоғары санаттағы трансплантолог дәрігер.