Түркістан облысының полицейлері пәтер ұрлығы мен мал ұрлығына машықтанған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдың мамыр айында Сарыағаш аудандың полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша ешкім жоқтығын пайдаланып, түнде белгісіз біреулер терезе арқылы үйіне кіріп, миллион теңгеге жуық ақшасын алып кеткен. Ал, ауданның басқа бір тұрғыны маусым айында ұрылар үйіне кіріп, жатын бөлмеден 1,3 миллион теңгеге жуық ақшасы мен алтын бұйымдарын ұрлағандығы туралы арызданады. Осы тектес шағыммен полиция бөліміне ауданның бірнеше тұрғыны хабарласты, олардың да ақшалары мен бағалы заттары ұрланған.
Осы қылмыстарды ашу мақсатында облыстық ПД және Сарыағаш ауданының тәжірибелі қызметкерлерден құралған топ құрылды. Полицейлер Сарыағаш ауданының үш тұрғынын күдікті ретінде қолға түсірді. Тергеу нәтижесінде күдіктілердің 12 пәтер ұрлығы мен мал ұрлығына қатыстылығы айқындалды. Олар шілде айында жергілікті тұрғының қорасынан 2 қойын ұрлап кеткен. Күдіктілердің үстінен ҚР ҚК-нің «Ұрлық» 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығынның көлемі 4,5 миллион теңгені құрады. Қазір полиция қылмыстық топтың облыстағы басқа да ұрлықтарға қатыс бар-жоқтығын анықтауда.