Өзін Павлодардағы АП-162/4 колониясының сотталушысы ретінде таныстырған аты-жөнін айтпаған азамат 28 шілдеде Азаттық тілшісіне хабарласып, жақында Құрманғазы Өтегеновті павлодарлық тергеу изоляторынан колонияға ауыстырғанын айтты. "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталған Құрманғазы Өтегеновті бұған дейін бірнеше сотталушымен бірге тергеу изяоляторына әкеткені туралы ақпарат шыққан еді.
Азаттыққа хабарласқан сотталушының айтуынша, Өтегеновтің өзі қазір түрме таксофонын пайдалана алмайды, сондықтан хабарласа алмай отыр.
Оның айтуынша, Өтегенов осы айдың басында түрмеде болған тінту шараларына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Бұл шара кезінде бірнеше сотталушының соққыға жығылғаны туралы бұған дейін хабарланған.
АП-162/4 мекемесінің қызметкері Өтегеновтің кеше, 27 шілдеде тергеу изоляторынан түрмеге этаппен жеткізілгенін растады. Бірақ Өтегеновті түрмеге қайтару себебі мен оның статусы жайлы сұрақтарға жауап бермеді.
Бұған дейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттық тілшісіне "тергеу амалдарына" байланысты сотталушы Құрманғазы Өтегеновті тергеу изоляторына ауыстырғанын, оған ешқандай "арнайы құрал" қолданбағанын, денсаулығы "қанағаттанарлық" екенін айтқан.
Оның алдында осы түрмеде отырған сотталушылардың бірі Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарласып, Өтегеновке қысым жасалып жатқанын айтқан. Есімін жариялаудан бас тартқан ол "Өтегенов шағым жасай берген соң таяқ жегенін" жеткізген.
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдері Өтегеновтің "диспансерлік есепте" екенін айтып, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін, бірнеше рет амбулаториялық және стационарлық емдеу қабылдағанын жеткізген.
2006 жылы 14 шілдеде Алматының шетіндегі "Шаңырақ" ықшам ауданында болған оқиғаға қатысты деп айыпталған 43 жастағы Құрманғазы Өтегенов әуел баста 16 жылға сотталған. Кейін оған "түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады" деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.
Қазір "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталғандар арасында түрмеде екі адам қалды: ақын, диссидент Арон Атабек және Құрманғазы Өтегенов
Жарты ай бұрын - Шаңырақ оқиғасына 13 жыл толған күні - Арон Атабектің қызы 27 жастағы Айдана Айдархан Алматыда әкесі мен Құрманғазы Өтегеновті қолдап, бір адамдық саяси акция өткізген.