14.08.2019, 09:50

Павлодарлық бизнесменді өлтіргендер сотталды

Кәсіпкердің үйінен 4 600 АҚШ долларын, 292 мың ресейлік рубль және 80 мың теңге тапқан қылмыскерлер ақшаны түгел тонап, оқиға орнынан ізін жасырған.

Павлодар облысында қарақшылық шабуыл жасағандар сотталды. Сот бизнесменнің өліміне қатысты іс бойынша Шарбақты ауылының үш тұрғынына үкім шығарды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан, Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Әнел Құсановаға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2019 жылдың 21 қаңтарында болды. Түн ішінде үш ер адам көлікпен Шалдай ауылындағы металл қабылдаумен айналысатын тұрғынның үйіне келеді. Екеуі медициналық маскамен бетін тұмшаласа, бірі көзге арналған ойықтары бар бас киім киіп алыпты.

Олар үйдің терезесін қағады. Қожайын есікті ашып еді, қарақшылар оны ағаш шоқпармен, жұдырықпен ұрып-соғып, тепкіледі. Кейін кендір жіппен қол-аяғын байлап, айғайлап көмек шақырмасын деп аузына шүберек тығып тастайды. Кәсіпкердің үйінен 4 600 АҚШ долларын, 292 мың ресейлік рубль және 80 мың теңге тапқан қылмыскерлер ақшаны түгел тонап, оқиға орнынан ізін жасырған.

Үй иесі тыныстай алмай, механикалық асфиксиядан көз жұмыпты.

Сот қарақшылардың әрқайсысын сегіз жылға соттап, мүлкін тәркіледі. Олар жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Бұдан бөлек сотталушылар жәбірленушінің өкіліне материалдық шығын, мемлекеттік баж, сот сараптамаларының процестік шығындарын, жәбірленушілерге төленетін өтемақы қорына қаражат төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.