Алматы қаласы Алмалы ауданы сотында «тыйым салынған діни ұйым жұмысына қатысты», «діни алауыздық тудырды» деп айыпталған 44 жастағы Қарлығаш Адасбекова мен 28 жастағы Дария Нышанованың үстінен сот процесі басталды, деп жазады Азаттық.
Оларға «діни алауыздық тудыратын идеялар тарататын WhatsApp тобында болған», «Қазақстанда тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының іс-әрекетіне қатысқан» деген айыптар тағылған.
«Ешқайда кетпейтіні» жөнінде қолхат беріп, бостандықта жүрген Адасбекова мен Нышанова сотқа өз еріктерімен келді. Судья Ернар Қасымбеков сот отырысы кезінде аудио және видео жүргізуге, процеске қатысушыларды суретке түсіруге тыйым салды.
Судья айыптау актісін жариялаған соң сотталушылардан айыптарын қаншалықты мойындайтындарын сұрады. Сотталушылардыың екеуі де WhatsApp тобында айыптау актісінде көрсетілген материалдарды жариялағанын, бірақ «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы жоқтығын айтты.
Дария Нышанова «жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын, бірақ жасамаған ісіне жауап бере алмаймын» десе, Қарлығаш Адасбекова WhatsApp арқылы таратқан материалдарының заңсыз екенін білмегенін, Қазақстанда сөз және діни сенім бостандығы бар деп есептегенін мәлімдеді.
Судья бірнеше куәгерден жауап алды. Куәгерлердің бірі, сегіз баланың шешесі судья Қасымбекованың сот процесін жүргізу мәнеріне наразылығын білдірді, судья оны сот залынан шығарып жіберді.
Сот отырысы қазанның 15-іне жалғасатын болды.
Сот отырысынан кейін Азаттық тілшісімен сөйлескен Қарлығаш Адасбекованың айтуынша, ол 2018 жылдың қыркүйегі мен 2019 жылдың мамыры аралығында кішкентай қызымен Қырғызстанда болған. Қазақстанға оралысымен пәтерін полиция тінтіп, өзін тергеуге апарған. Үстінен Қылмыстық кодекстің 174 және 405 бабы бойынша іс қозғалғанын сонда ғана білген.
ҰҚК сайтында «Хизб ут-Тахрир» дүниежүзінде ислам халифатын орнатуды көздейтін діни-экстермистік саяси ұйым деп көрсетілген.