Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі шаһардың Алматы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Талғат Тлеуов пен "Лайн Групп" ЖШС және "Ақжайық Энерго" ЖШС директоры Б.К. Абдиевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Антикоррупциялық қызметке сілтеме жасап.
Т.М.Тлеуов Алматы ауданын жарықтандыруға қызмет көрсету бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шартта орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін Б.К. Абдиевтен 5 миллион теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген.
Биылғы 17 қазанында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Талғат Тлеуов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.
Осы үкіммен Б.К. Абдиев пара бергені үшін сотталды және оған 71 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.