$ 494.87  520.65  4.91

«Орынсыз мазалайды»: «Коллекторлық қызмет туралы заң» өзгертілуі мүмкін

Ұлттық банктің ұсынысы бойынша, коллекторлардың жұмыс берушіге қоңырау шалу құқығын алып тастау керек. Оның орнына пошта арқылы ресми хат жөнелтілуі тиіс.

"Коллекторлық қызмет туралы" Заң 2017 жылдың 6 мамырында қабылданған еді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, Заң қабылданғанға дейін республика бойынша 900 коллекторлық агенттік болса, қазір олардың саны – 165.

Осыдан екі жыл бұрын азаматтардың коллекторлық агенттіктерге қатысты арыз-шағымдарының саны жылына 1200-дей болса, 2018 жылы олардың саны 230, ал 2019 жылдың 1 маусымына дейін 167-ге дейін кеміген.

Борышкерлер ең көп шағымданатын мәселелер

Шағым азайғанымен, мәселе әлі де түбегейлі шешімін таппай отыр. Олег Смоляковтың айтуынша, борышкерлердің коллекторлық агенттіктерге қатысты шағымдары негізінен мыналар:

Борышкер туралы мәліметтің үшінші тұлғаларға таратылуы;

Борышкерге, оның туыстары мен таныстарына қатысты жосықсыз әрекеттердің жасалуы;

Коллекторлық агенттіктің өкілеттігін растайтын құжаттардың көшірмелерін бермеуі;

Борышкерге төлемдердің оңтайлы кестесін ұсынылмауы.

Заңда нақтыланбаған тұстар

Сонымен қатар, Ұлттық банк өкілі Заңда мына мәселелер нақтыланбағанын айтты:

Борышкерден берешекті өндіріп алу үшін борышкердің қандай және қанша танысына хабарласуға болатыны;

Коллекторлық агенттік пен коллекторлар туралы ақпаратты тексерудің мүмкін еместігі;

Коллектормен арадағы сөйлесудің аудиожазбасының болмауы;

"Коллекторлық қызмет туралы" Заңның еңбек заңнамасымен қайшы келетін тұстарының болуы.

Заңнамаға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар

Осы орайда, Олег Смоляков "Коллекторлық қызмет туралы" Заңның кейбір "шикіліктерін" тізіп, оны жетілдіру туралы Ұлттық банктің ұсыныстарын жеткізді. Оған сай, заңға нақты мына өзгерістер мен толықтыруларды ұсынады:

1. Коллектор борышкердің туыстары мен таныстары және жұмыс берушісіне тек борышкердің қайда екенін және байланыс деректерін сұрау үшін ғана хабарласуына болады.

"Қазақстан коллекторлар одағы" ЗТБ төрағасы Юрий Лидің айтуынша, қазіргі таңда халықтың шағымдарының көпшілігі осы мәселеге байланысты. Яғни, коллекторлар борышкердің туыстары мен таныстарын орынсыз мазалайды. Сол себепті коллекторлық агенттіктерге қатысты арыз берушілер негізінен борышкерлердің өздері емес, олардың таныстары мен туыстары.

2. Коллектор борышкердің жұмыс берушісімен тек жазбаша, пошта арқылы ғана хабарласа алуы керек.

Ұлттық банктің ұсынысы бойынша, коллекторлар жұмыс берушіге қоңырау шалу құқығын алып тастау керек. Оның орнына пошта арқылы ресми хат жөнелтілуі тиіс. Ал Юрий Лидің айтуынша, коллектордың жұмыс орнына хабарласу құқығын қалдыру керек. Бірақ коллектор тек борышкермен сөйлесу үшін ғана хабарласуы тиіс.

3. Коллектор тек өзі жұмыс істейтін агенттіктің есептік тіркеуіндегі телефон нөмірімен ғана хабарласуы тиісті.

Олег Смоляковтың айтуынша, борышкерлерге немесе оның туыстары мен таныстарына қоңырау шалып, дөрекі сөйлескен коллекторлар негізінен өзге нөмірлерден хабарласады. Сол себепті шағым түсіргендер өздерінің жәбірленгендерін дәлелдей алмайды. Бұған Бас прокурордың аға көмекшісі Қайрат Райысов та қосылады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда коллекторларға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған.

"Қозғалған қылмыстық істер дөрекілікке қатысты. Жәбірленушілер хабарламалар мен аудиохабарламаларын көрсетеді. Оларды көрсеңіздер, сөздері құлаққа түрпідей тиеді. Бірақ оның коллекторлық компания қызметкері екенін дәлелдей алмаймыз. Өйткені жеке нөмірмен хабарласқан", – дейді Қайрат Райысов.

Сонымен қатар Қайрат Райысов сотталған азаматтардың да коллектор болып жұмыс істеу қаупі бар екенін айтты.

"Коллекторлық компанияларға қатысты заңнан мен мұндай талап таба алмадым. Компанияның басшылығына қатысты талап бар, бірақұ коллекторлардың сотталмаған болуы керек екені көрсетілмеген. Коллекторлардың борышкерлерге қоқан-лоқы көрсетпеу керектігін түсіндіру керек. Оларға сотталмағаны туралы талап қойылу керек", - деді Қайрат Райысов.

4. Коллектор борышкермен немесе оның туыстары, таныстары, жұмыс берушісімен сөйлескен аудио немесе бейне жазбасын сақтауы қажет.

Бұл ұсыныс та коллекторлардың әдептен аттамауына ықпал етпек.

5. Коллекторлық агенттік ретінде тіркелу үшін 10 млн теңге меншікті капиталының болуы тиісті.

Бұл ұсынысты Олег Смоляков былай деп түсіндіреді.

"Коллекторлық агенттіктер борышкерлермен сөйлескенін аудио немесе бейне таспаға жазуға міндеттелсе, оларға қосымша материалдық ауыртпалық болады. Сонымен қатар коллекторлардың айлықтарын уақытылы төлей алуы да маңызды. Өйткені айлықты уақытылы төлей алмайтын агенттіктердегі коллекторлер заңды бұзуы немесе дөрекілік танытуы мүмкін", – дейді Олег Смоляков.

Юрий Лидің айтуынша, коллекторлардың орташа айлығы 100 мың теңге. Бірақ істеген жұмысына қарай агенттіктер қосымша бонус төлеуі мүмкін.

6. Коллекторлық қызметке қабылдайтын ең төменгі білім деңгейін Заңда белгілеу керек.

Олег Смоляковтың айтуынша, бұл ұсыныс та коллекторлардың заң аясында жұмыс істеуі мен әдептен аттамауына және кәсібилігіне оң әсер етер еді. Қазіргі таңда коллектор болып жұмыс істеу үшін нақты талап белгіленбеген.

Коллекторлық агенттіктердің ортақ интернет сайты ашылады

"Коллекторлық қызмет туралы" Заңға осылардан бөлек Ұлттық банк:

Коллектордың этикалық стандарттарын дайындауды;

Call-орталықтары мен сенім телефонын ашуды;

Көпшілікке арналған интернет порталын ашуды;

Қызметін барынша автоматтандыруды ұсынады.

Коллекторлар одағының төрағасы Юрий Ли алдағы уақытта одақтың жаңа сайты ашылатынын жеткізді. Оның айтуынша, онда борышкерлер мен коллекторлардың, үшінші тұлғалардың құқықтары мен жауапкершіліктерінен бастап барлық ақпараттық көмек беріледі.

Дереккөз: informburo.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Борышкерлер