06.11.2019, 03:35

Алматы облысында екі рет істі болған 46 жастағы әйел сүйіктісін атып өлтірді

Фото: ҚазАқпарат
Марқұм Үштөбе қаласының тұрғыны екені анықталды.

Алматы облысында екі рет істі болған әйел адам өлтірді деген күдікпен тағы ұсталды. 46 жастағы азамат өзінің көңілдесін атып өлтірді деген айыппен тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Полиция қызметінің мәліметінше, 5 қарашаға қараған түні Қаратал ауданындағы шаруа қожалықтардың бірінен 38 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Марқұм Үштөбе қаласының тұрғыны екені анықталды. Ол қожалықта әртүрлі жұмыс істеген. Адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаған тәртіп сақшылары күдікті ретінде әйел адамды ұстады. 

«Қожалықта әйел адамның жұмыс істегені белгілі болды. Ол марқұм болған ер адаммен үш жылдан бері бірге тұрып келген. Оқиға орнынан қашып кеткен азамат Үштөбе қаласында ұсталды. 1973 жылғы күдікті бұған дейін де адам өлтіріп, есірткі сақтағаны үшін сотталған. Қазір ол қамауға алынды», - деді Қаратал аудандық полиция бөлімінің басшысы Рауан Абдраимов. 

Күдіктінің сөзінше, ол сүйіктісімен жанжалдасып қалған. Соңында еш жерде тіркелмеген аңшы мылтығымен оны атып тастаған. 

Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.